Бүгін, 14:37
Қоғам

«Әсіресе, әйелдер қауымы жақсы көреді»: Тоқаев Мақпал Жүнісоваға ерекше марапат табыстады

Президент оған «Барыс» орденін тапсырды

«Әсіресе, әйелдер қауымы жақсы көреді»: Тоқаев Мақпал Жүнісоваға ерекше марапат табыстады
Фото: zhunusova.makpal

Бүгін Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз сөйлеп, Халық әртісі Мақпал Жүнісованы екінші дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақорда жазғандай, Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, бүгін төл мәдениетіміздің өрісін кеңейтіп, халқымыздың рухани дүниетанымын байыту жолында жемісті еңбек етіп жүрген бір топ азаматты жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Әншіні марапаттай келе ол Мақпал Жүнісованы халық, әсіресе, әйелдер қауымы ерекше жақсы көретінін атап өтті.

«Қазір біздің ортамызда белгілі әнші әрі домбырашы Татьяна Николаевна Бурмистрова отыр. Ол жарты ғасырға жуық уақыт бойы қазақтың дәстүрлі өнерін белсенді түрде кеңінен дәріптеп, жас дарындарға үлгі-өнеге көрсетіп жүр. Бүгін мен Татьяна Бурмистроваға ең жоғары «Отан» орденін беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Сонымен қатар бүгін жезтаңдай әнші, халқымыз, әсіресе, әйелдер қауымы жақсы көретін өнер иесі, Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісоваға екінші дәрежелі «Барыс» орденін тапсырамын. Михаил Лермонтов атындағы ұлттық орыс драма театрының актрисасы Марина Юрьевна Ганцева III дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталады. Ол Қазақстан мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосты. Таланты мен көпжылдық еңбегінің арқасында театр өнерін бағалайтын көрерменнің ықыласы мен сүйіспеншілігіне бөленді. Кәсіби мереке күні мәдениетіміздің дамуына зор еңбек сіңірген бірнеше өнер қайраткеріне «Қазақстанның халық әртісі» атағы беріледі. Жалпы, биыл елімізде 120 мәдениет және өнер қызметкері мемлекеттік марапатқа ие болады», – деді Тоқаев.