«Әлі клиент қабылдап жатыр»: жеке клиникада көз жұмған Сәуле Базарханның қызы мәлімдеме жасады

Анасының қазасын клиника кеш айтқан

«Әлі клиент қабылдап жатыр»: жеке клиникада көз жұмған Сәуле Базарханның қызы мәлімдеме жасады
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстандық блогер әрі кәсіпкер Сәуле Базархан пластикалық хирургия клиникасында көз жұмғаны хабарланған еді. 53 жастағы блогердің Аида есімді қызы әлеуметтік желіде анасы көз жұмған клинка әлі де клиент қабылдап жатқанын айтып, дабыл қақты,деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Біздің анамыз қайтыс болған клиника әлі күнге дейін операцияға жазылып жатыр. 2026 жылғы 15 мамырда анамыз Сәуле Ермаханова Алматыдағы Smart Beauty Clinic жеке клиникасында көз жұмды. Дәрігерлердің айтуынша, бір жарым сағатқа созылуы тиіс жергілікті анестезиямен жасалатын жоспарлы липосакция операциясы отбасымыз үшін орны толмас қайғыға айналды. Бір сағат. Бір жарым сағат. Екі сағат. Үш сағат. Біздің сұрақтарымызға ешкім жауап бермеді. Тек үнсіздік. Анамыздың өмірден өткенін қасында болған туысымызға тек кешкі сағат 18:00 шамасында ғана хабарлаған», – дейді Аида.

Оның айтуынша, ал жедел жәрдем тек 19:00-де келген. Үш сағат бойы блогерді жабық есіктің ар жағында жалғыз жатқызған. Жақындары ол жайлы бейхабар болған.

«Бізде әлі күнге дейін жауапсыз сұрақ көп, дәрігерлер неге өлім туралы бірден хабарламады? Осы уақыт ішінде олар не істеді? Анамызды аман алып қалуға әрекет жасалды ма? Неге жедел жәрдем бірден шақырылмады? Ал қазір болып жатқан жағдай арсыздық пен заңсыздықтың шегі. Төрт күннен кейін таныстарымыз WhatsApp арқылы жаңа клиент ретінде жазып көрді. Сонда не болды дейсіз бе? Оларға прайс жіберіп, ақылы онлайн-консультация ұсынып, келесі аптаға операцияға еркін жазып жатқан. Smart Beauty Clinic клиенттермен онлайн байланысын жалғастырып отыр. Ал біздің анамыздың өліміне қатысты мән-жай әлі анықталған жоқ», – деді ол.

Ол  журналистерден, блогерлерден және қоғамнан бұл жағдайды жария етуге көмектесуді сұрады.

«Анамыздың қазасына қатысты барлық жағдай толық анықталғанға дейін клиника қызметін тоқтатуды және әділ тергеу жүргізуді талап етеміз. Анамызды көпшілік танитын. Ол миллиондаған оқырманы бар әлеуметтік желідегі парақшасын белсенді жүргізді. Бірақ біз үшін ол жай ғана ана және әже еді, мейірімді, қамқор, өмірге құштар жан. Ол небәрі 53 жаста болатын. Алда әлі талай жоспары бар еді. Қазір қылмыстық іс қозғалды. Біз соңына дейін күресеміз, шындық үшін, мұндай жағдай ешкімнің басына түспеуі үшін соңына дейін барамыз», – деді ол.