«Астанада дәмханаларға 750 келі иттің еті жеткізілген»: ветеринариялық қызмет шұғыл мәлімдеме жасады

Ветқызметтің мәліметінше, елордада ет өнімдеріне ветеринариялық-санитариялық бақылау тұрақты жүргізіледі

«Астанада дәмханаларға 750 келі иттің еті жеткізілген»: ветеринариялық қызмет шұғыл мәлімдеме жасады
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Астанадағы дәмханаларға 750 келі иттің еті жеткізілгені туралы ақпарат тарады. Осыған байланысты қаланың ветеринариялық қызметі шұғыл мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ветеринариялық қызметтің мәліметінше, әлеуметтік желілерде және жекелеген бұқаралық ақпарат құралдарында Астана қаласындағы қоғамдық тамақтану орындарында ит еті сатылып жатқаны туралы ақпарат қайта таралып жатыр.

«Хабарланған мәліметтер 2023 жылы Ақмола облысы аумағында жануар тектес өнімдердің заңсыз айналымы анықталған оқиғаға қатысты екенін мәлімдейміз. Аталған факті бойынша құқық қорғау органдары заңнамаға сәйкес тергеу жүргізді. Іс материалдары сотта қаралып, кінәлі тұлға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылды. Қазіргі уақытта Астана қаласындағы қоғамдық тамақтану орындарында мұндай өнімді жеткізу, сату немесе пайдалану фактілері ресми түрде расталған жоқ», – делінген хабарламада.

Ветқызметтің мәліметінше, елордада жануар тектес өнімдерге тұрақты түрде ветеринариялық-санитариялық бақылау жүргізіледі. Оның аясында ілеспе құжаттар тексеріліп, жеткізушілерге мониторинг жасалады және азық-түлік қауіпсіздігі талаптарының сақталуы қадағаланады.

«Бүгінде ет өнімдерінің заңсыз айналымына немесе Астана қаласындағы қоғамдық тамақтану орындарының қызметіне қатысты заңбұзушылықтарға байланысты деректер анықталған жоқ. Жағдай уәкілетті органдардың тұрақты бақылауында. Елордада жануар тектес өнімдерге, жеткізушілерге және санитариялық-ветеринариялық талаптардың сақталуына жүйелі түрде мониторинг пен тексеру жүргізіліп отырады. Азаматтарды тек ресми ақпаратқа сенуге және расталмаған мәліметтерді таратпауға шақырамыз», – деп хабарлайды Астана қаласының ветеринариялық қызметі.