Ұлттық банк қазақстандықтардың несие жүктемесіне шектеу қоймақ
2027 жылдан бастап қарыз көлемін азаматтың жылдық табысымен шектеу ұсынылып отыр
Қазақстан Ұлттық банкі 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қарыз алушының табысқа шаққандағы қарыз коэффициентінің (ҚТҚК) шекті деңгейін енгізуді көздейтін қаулы жобасын әзірледі. Бұл шара халықтың шамадан тыс қарызға батуының алдын алып, қаржы жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға бағытталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өзгерістер жобасы Ұлттық банк басқармасының «Макропруденциялық нормативтер мен лимиттерді, олардың нормативтік мәндерін және есептеу әдістемесін бекіту туралы» қаулысы аясында дайындалған.
Ұлттық банктің мәліметінше, қарыздың табысқа қатынасы коэффициенті 2024 жылдың тамыз айында реттеуші тәжірибеге енгізілген және қазіргі уақытта мониторинг кезеңінде тұр.
Бұл көрсеткіш қарыз алушының барлық өтелмеген несиелері мен микрокредиттері, сондай-ақ жоспарланып отырған жаңа қарызын қоса есептегендегі жалпы берешегінің оның жылдық табысына қатынасын көрсетеді.
Ұлттық банк өкілдері ҚТҚК қарыз алушының берешек көлемін оның қанша жылдық табысына тең екенін көрсететінін түсіндірді. Коэффициенттің жоғары болуы қарыз жүктемесінің ауырлағанын және төлем қабілетсіздігі қаупінің артқанын білдіреді.
Қазіргі қолданыстағы қарыз жүктемесі коэффициенті (ҚЖК) секілді, ҚТҚК да несие беру туралы шешім қабылданар алдында есептеледі.
Ұлттық банк 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қарыз алушының жиынтық берешегі бойынша ҚТҚК-ның шекті деңгейін сегіз жылдық табыс көлемінде белгілеуді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар халықты несиелеу сегментінде баяулау белгілері байқалғанын ескерген Ұлттық банк автонесие, ипотекалық тұрғын үй қарызы және кепілсіз тұтынушылық несиелер бойынша ҚТҚК көрсеткішін бақылауды жалғастырады. Алайда әзірге олар үшін жеке шекті деңгейлер белгіленбейді.
Ұлттық банкте бөлшек несиелеу саласындағы тәуекелдер күшейген жағдайда реттеуші орган несие түрлеріне қарай ҚТҚК бойынша бөлек шекті мәндер енгізу немесе коэффициенттің жалпы деңгейін өзгерту құқығын өзінде қалдыратынын айтты.
Қазіргі уақытта қолданыстағы қарыз жүктемесі коэффициентін есептеу талаптарын және оның шекті деңгейін қайта қарау жоспарланып отырған жоқ. Қазір ҚЖК-ның шекті деңгейі 0,5 болып белгіленген.
Ұлттық банктің мәліметінше, бұл шаралар халықтың шамадан тыс қарызға батуының алдын алып, несие нарығының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.