Жоғары аудиторлық палата 3,4 трлн теңгелік инвестициялық жобаларды тексерді
Тексеру нәтижесінде бірқатар жүйелі мәселелер анықталды
Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов Ұлттық қор қаражатының жұмсалуын мониторингтеу жөніндегі комиссия отырысын өткізді. Отырыста Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың тиімділігіне жүргізілген тексеру қорытындысы қаралды. Ревизия 3,4 трлн теңгеге қаржыландырылған 3 мыңнан астам инвестициялық жобаны және 3,8 трлн теңге көлеміндегі облигациялық қарыздарды қамтыды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тексеру нәтижесінде бірқатар жүйелі мәселелер анықталды. Атап айтқанда, Ұлттық қорды басқаруға жауапты бірыңғай орган жоқ, ал деректерді орталықтандырылған түрде жинау мен талдау жеткіліксіз. Есептіліктің ашықтығы да төмен деңгейде.
Сонымен қатар, дайындықсыз жобаларды қаржыландыру, жергілікті деңгейдегі нысандарға қор қаражатын жұмсау, қаражатты мақсатсыз және тиімсіз бөлу фактілері тіркелген. Кейбір жобалар бойынша қаржы нақты қажеттіліктен артық бөлінген.
Комиссия облигациялық қаржыландыруда да кемшіліктер барын атап өтті. Атап айтқанда, қаражаттың тиімді игерілуіне бақылау әлсіз, ал бірқатар жобаларда жоспарланған нәтижелерге қол жеткізілмеген.
2023–2024 жылдардағы тексеру қорытындысы бойынша бірнеше қылмыстық іс тіркелген.
Жұмыс тобы Ұлттық қор қаражатын бөлу талаптарын күшейту, қаржының толық қадағалануын қамтамасыз ету және мақсатсыз пайдаланылған 64 млрд теңгені қайтару жөнінде ұсыныстар енгізді.