ШҚО-да алаяқтар 87 жастағы әжейді алдап, қолындағы бар ақшасын тартып алмақ болды (ВИДЕО)

Зейнеткер қолында бар 1 миллион 400 мың теңгесінен айырылып қала жаздады

ШҚО-да алаяқтар 87 жастағы әжейді алдап, қолындағы бар ақшасын тартып алмақ болды (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Алаяқтар Өскемен қаласында тұратын 87 жастағы әжейді алдап, жиған-терген ақшасын сыпырып ала жаздады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, белгісіз адамдар өздерін ҰҚК және Ұлттық банк қызметкерлері ретінде таныстырып, кейуананы ақшасын «қауіпсіз шотқа» аударуға көндірмек болған.

Әңгіме барысында алаяқтар зейнеткерге психологиялық қысым көрсетіп, қорқытуға тырысқан. Шығын көлемі 1 миллион 400 мың теңге болуы мүмкін еді. Абырой болғанда, Өскемен қалалық полиция басқармасының қызметкерлері дер кезінде алаяқтықтың алдын алды.

Полицейлер жедел түрде оқиға орнына келіп, егде жастағы әйелді сабырға шақырды. Сондай-ақ олар алаяқтармен телефон арқылы сөйлесіп, алаяқтықтың алдын алды

«Полиция қызметкерлері: құқық қорғау органдарының, банктер мен мемлекеттік мекемелердің шынайы қызметкерлері ешқашан телефон арқылы ақша аударуды талап етпейді және жеке деректерді, кодтар мен банк картасының мәліметтерін сұрамайтынын ескертеді. Егер сізге осындай қоңырау түссе, бірден полицияға хабарласыңыз. Бұл оқиға азаматтардың қырағылығы мен полицейлердің жедел әрекетінің қаншалықты маңызды екенін қайта дәлелдеді», – делінген ПД хабарламасында.