«Вирустың таралу деңгейі 5%-дан төмендесін» – Бас санитар СПА, бассейн, монша жайлы
Әзірге көпшілік жиналатын шаралар ұйымдастыруға болмайды
ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова еліміздегі спорт нысандары әзірге толыққанды жұмысын бастамайтынын айтты.
«Спорт нысандарын ашу туралы менің қаулымда бар. Аурудың таралу деңгейі 5%-дан төмен болғанда көрерменсіз жаттығу өткізуге рұқсат беріледі. Ал, көпшілік жиналатын шаралар ұйымдастыруға болмайды. Инфекцияның қазіргі таралу деңгейі шектеулерді толығымен алуға мүмкіндік бермейді», - деді ол брифингте.
Бас санитар дәрігер бассейндер мен аквапарктердегі әлеуметтік арақашықтық талаптары жайында да мәлімет берді.
«Бассейнде әр адамға кем дегенде, 5 шаршы метр жерден келуі тиіс. Бұл жүзетін адамдарға әлеуметтік қашықтықты сақтауға мүмкіндік береді. Яғни, адам саны нысанның аумағына қарай анықталады. Келушілер ішке бірден емес, кезектесіп кіреді», - деп пікір білдірді А.Есмағамбетова.
Бас санитар дәрігер СПА, фитнес орталықтары және монша туралы да айтты.
«Өкіметаралық комиссияның шешімі бойынша аймақтарда вирустың таралу деңгейі бір апта ішінде 5%-дан аспаған жағдайда, қоғамдық орындардың (СПА-орталықтар, фитнес орталықтары, монша, спорт клубтары (көрерменсіз) жұмысы қайта жанданады. Біз осылайша карантиндік шараларды жеңілдетіп жатырмыз. Қаулы бойынша аталған нысандар қатаң талаптарды сақтай отырып жұмысын жалғастырады», - деді ол.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан