БҚО-да 16 жастағы қызды үйіне апарып, қатынасқа түскен әкімдік қызметкері қайта тергелетін болды
Бұған дейін жергілікті орган қыз бен анасынан арыз жоқ деп істі жапқан
Бүгін Мәжіліс кулуарында журналистер Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтен Батыс Қазақстан облысындағы резонансты істердің біріне қатысты сұрақ қойды. Санжар Әділов бұл оқиға туралы естіп-білгенін айтып, қайта іс ашылатынын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Естеріңізге сала кетейік, Батыс Қазақстан облысында әкімдік қызметкері 16 жастағы қыз баламен жыныстық қарым-қатынасқа түскен. Дәлірек айтсақ, 2 қаңтар күні Ақсай қаласының 16 жастағы тұрғынына қатысты заңға қайшы әрекеттер туралы полицияға хабарлама түскен. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған. Алайда, өңірдің полиция департаменті қыз бен анасынан арыз түспегенін және қарым-қатынас өзара келісіммен болды дегенді алға тартып, істің жабылғанын хабарлаған болатын.
Бүгін Санжар Әділов бұл іс әлі жалғасады деді.
«Біз бұл оқиғаға қатысты ақпараттарды оқыдық және облыс прокуратурасымен байланыстамыз. Істі тоқтату туралы шешім жойылды. Зардап шеккен тараптың қандай да бір мәліметтері қосымша тергеледі. Сол тергеудің қорытындысы бойынша шешім қабылданады», - деді Әділов.
Айта кетейік, осыған дейін БҚО-да ер адам кәмелеткен толмаған қыз баланы зорлады деген күдікке ілінгені хабарланған болатын.