Мектептен кейін балалардың өмірі үшін мұғалім жауапты болмайды: Қазақстанда жаңа заң қабылданады
Мұғалімдердің құқығын бұзғаны үшін жауапкершілік те күшейеді
Мәжіліс депутаттары мұғалімдердің құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған заң жобаларын әзірледі. Құжатта мұғалімдердің жауапкершілік шегін нақтылау, артық жүктемені азайту, қосарланған есептілікті жою және педагогтің құқығын бұзғандарға қатысты санкцияларды күшейту көзделген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Біріншіден, педагогтердің балалардың өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершілігін тек оқу процесі барысында айқындау көзделіп отыр. Яғни сабақтан тыс, кешкі уақытта, каникулда жауапкершілік ата-аналардың міндетінде болуы тиіс. Бұл бағытта президенттің тамыз кеңесінде берген тапсырмасы да бар. Екіншіден, педагогтерді кәсіби қызметіне қатысы жоқ түрлі іс-шараларға тартуға жол бермеу. Үшіншіден, есептілікті бір мезгілде екі форматта – қағаз және электронды түрде жүргізуге тыйым салу. Есеп беру тек бір форматта жүргізілуі тиіс», - деді Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов жалпы отырыста.
Төртіншіден, оның айтуынша, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске педагогтің құқықтарын бұзғаны үшін санкцияларды күшейту туралы нақты нормалар енгізу ұсынылған.
Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мен «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне педагог мәртебесі мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын қарап, тиісті қорытынды әзірлейді.