$ 501.26  590.38  6.54
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Айзат Жұманованың өліміне қатысты 14 жылдық үкім апелляцияда өзгеріссіз қалды

Талдықорғандағы сот алқасы бірінші сатыдағы шешімді заңды деп таныды

Айзат Жұманованың өліміне қатысты 14 жылдық үкім апелляцияда өзгеріссіз қалды
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Талдықорғанда 32 жастағы Айзат Жұманованың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша апелляциялық сот шешім шығарды. Сот алқасы бірінші сатыда тағайындалған 14 жылдық бас бостандығынан айыру жазасын өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Іс Жетісу облыстық сотының апелляциялық алқасында қаралды. Жәбірленуші тарап айыпталушы Айбар Жанболаттың әрекетін Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі бойынша қайта саралауды талап етсе, қорғаушы тарап керісінше жазаны жеңілдетуді сұраған. Қорғаушы Жанат Сарқытовтың мәліметінше, сотталушының әрекетін Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігіне қайта саралау және жаза тағайындау ұсынылған, себебі өлім абайсызда болған деген уәж келтірілген.

Алайда сот отырысына төрағалық еткен Айдын Жұрхановтың айтуынша, апелляциялық сатыда іс қосымша тергеуге қайтарылмайды және қарау шегі тағылған айып аясында жүргізіледі. Сот алқасы істің материалдары Қылмыстық кодекстің 99-бабына толық сәйкес келеді деген қорытындыға келген.

Сот бұл бап бойынша 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделетінін ескерді. Айыпталушының бұрын сотты болмағаны назарға алынғанымен, тағайындалған 14 жылдық жаза өзгеріссіз қалдырылды. Сонымен қатар жәбірленуші тарапқа моральдық шығын өндіру туралы шешім де сол күйінде сақталды.

Еске салсақ, оқиға 2025 жылғы маусымда Жетісу облысы Ақсу ауданы Баласаз ауылында болған. Айзат Жұманованың қаза табуына байланысты күдікке ілінген күйеуі Айбар Жанболат ұсталып, қамауға алынған. Марқұмның туыстары оның 2 жасар қызының көзінше соққыға жығылып, кейін далаға шығарылып, атқа байланып сүйрелгенін мәлімдеген.

2026 жылғы қаңтарда Талдықорған қалалық соты Айбар Жанболатты кінәлі деп танып, 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған еді. Апелляциялық алқа бұл үкімді заңды әрі негізді деп таныды.