$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.06.2020, 17:16
Қоғам

Зеренді ауданында қабандар жыл сайын егіс алқабының 30 пайызын жояды – шаруалар

Бірақ заң қабандарды аулауға тыйым салады

Зеренді ауданында қабандар жыл сайын егіс алқабының 30 пайызын жояды – шаруалар

Ақмола облысы Зеренді ауданындағы бірнеше ауылдың шаруашылық серіктестіктері жабайы доңыздардың зардабын тартуда. Қорсылдаған қабанның көбейгені соншалық, орманды отап, егістік алқаптарын қопарып, бұлақтар мен өзендерді ластай бастаған.

Azattyq Rýhy тілшісіне хабарласқан «Кең дала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Сәкен Бегенов доңыздардан айтарлықтай зардап шегіп отырғанын айтты. Мәселенің мән-жайын анықтау үшін тілшіміз Зеренді ауданындағы ормандар мен ауылдарды аралап қайтқан еді.

«ТОПЫРЛАТЫП АТҚЫҢ-АҚ КЕЛЕДІ...»

Шаруашылық иелерінің айтуынша, жабайы доңыздар жасыл желекті жұлып жеп, өзен-көлдер мен бұлақтарды батпаққа айналдырған. Ал, егістік жерлермен бір өткенде-ақ оны тып-типыл ететін көрінеді. Тіпті, өсімдіктерді түп-тамырымен қопарып, диқандарға орасан зиян келтірген. Алайда, жергілікті тұрғындар жабайы жануарды аулап, санын азайтқысы келгенімен, заң оған тыйым салады.

«Зеренді ауданында бірнеше ауыл осы жабайы шошқадан зардап шегіп отырмыз. Әсіресе, Қызылегіс, Ортағаш, Қарашілік, Қанай би, Қойсалған, Еңбек Бірлік, Ұялы және Пухальск ауылдарын қан қақсатты. Осыдан бес-алты жыл бұрын пайда болды. Жыл санап көбейіп келеді. Кейде бар еңбегің зая болып, қып-қызыл шығынға батқанда ашу мен ыза кернейді. Жыл сайын егініміздің 30 пайызға жуығын таптап, жеп кетеді. Тобымен өріп жүрген доңызды топырлатып атқың-ақ келеді. Бірақ, заң тыйым салған, еріксіз бармағыңды шайнайсың. Біз осы бірнеше ауылда егін егетін оннан астам шаруа серіктестігі бірігіп, тиісті мемлекеттік органдарға хат та жаздық. Кіші Түкті орман шаруашылығына да барып, мән-жайды түсіндірдік. Дегенмен, әзірге еш өзгеріс жоқ», - дейді «Киелі жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Сәкен Бегенов.

«ДОҢЫЗДАН ТАБИҒАТҚА ПАЙДА БОЛМАСА, ЗИЯН КЕЛМЕЙДІ»

Табиғаты аң-құс пен орманға бай бұл аймақты Сәкен Нұртазин есімді жеке кәсіпкер мемлекеттен 49 жылға жалған алған. Аңшылық шаруашылық ашып, жүздеген мың гектар жерде аң-құстың түр-түрін бағып-қағады. Тіпті, шошқалар шомылатын батпақты ванналар мен тамақтанатын арнайы қоректену алаңдарын да жасап қойған.

Ал, осы орманда жылдар бойы бас қорықшы болып жұмыс істейтін Алексей Бойков доңыздан табиғатқа пайда болмаса зиян жоқ дегенді айтып отыр.

«Біз жабайы аң-құстарды браконьерлерден қорғаймыз. Табиғат перзенттерінің ұдайы өсуіне әрі көбеюіне жағдай жасаймыз. Қазір бұл ормандарда қасқыр, қоян, түлкі, қарсақ, сілеусін, қабан, елік сияқты жануарлар мен құр, қараторғай, тоқылдақ сияқты көптеген құс түрлерін кезіктіре аласыз. Аңшылық маусымында елдің әр түкпірінен кәсіпкерлер мен аңшылар осында келіп, саятшылық құрады. Егер аң атып алса, сәйкесінше төлем жасайды. Бағасы жануардың жас шамасына қарай бекітіледі. Жабайы шошқа атқаны үшін шамамен, 50 мың теңге төлейді. Бұл төлем аңшылық шаруашылықтың есебіне аударылады. Мемлекетке де салық төленеді. Қазір біз бақылайтын аумақ 111 мың гектар жерді қамтиды. Жабайы доңыздар жиі төлдейді. Қазіргі таңда саны 200-ге жуықтады. Мүмкін одан да көп шығар. Егер мемлекеттен қабандарды құртуға тапсырма берілсе, жойып та жібереміз. Бірақ бұл табиғатқа зор зиян келтіреді. Қабандар тұмсығымен жерді қопарып қопсытады. Зиянкес жәндіктерді жейді. Ауыл шаруашылығымен айналысатын серіктестіктер де экологияға зор залалын тигізіп жатқан жоқ па?! Жылына төрт мәрте жасалатын химиялық өңдеулерден кейін егіс далаларында құстар, қояндар басқа да ұсақ жануарлар опат болады. Біз оларға шағымданып жатқан жатқан жоқпыз ғой», - дейді Алексей Бойков.

Қорықшының айтуынша, орманда қабандар және басқа да жан-жануарларды қолдан қоректендіруге барынша назар аударылған. Аңшылық шаруашылығының аумағында тоғыз жем-шөп алаңы орналасқан.

«Жылда ауыл шаруашылығымен айналысатын фермалардан астық қалдықтары мен жем-шөп сатып аламыз. Осында келіп аңшылық еткен адамдардың төлеген ақшасы шаруашылық шығындарына жұмсалады», - дейді ол.

«ӨЗ ИЕЛІКТЕРІН ӨЗДЕРІ ҚОРҒАСЫН...»

Кіші Түкті орман шаруашылығының басшылығы жабайы доңыздардан шаруаларға айтарлықтай зиян келіп жатқанын мойындады.

«Қабандар егістік алқабын ғана емес, орманды да құртып барады. Кіші Түкті орман шаруашылығының аумағы 19 мың гектар аумақты қамтиды. Қазір соның 8-9 мың гектар алқабын жабайы доңыздар жайлап алды. Жүрген жерін ластап кетеді. Бірақ бізде қолдан келер қайран жоқ. Жеке аңшылық шаруашылық болғандықтан, жабайы аңды аулауға құқығымыз жоқ. Ақмола облысының орман және аң шаруашылығы территориялдық инспекциясына хат жаздық. Алайда, әлі күнге еш өзгеріс жоқ», - дейді Кіші Түкті орман шаруашылығы басшысының орынбасары Батырбек Бегайдарұлы.

Билік өкілдері болса әр шаруа өз иелігіне ие болсын, аң-құсты атуға болмайды дегенді айтып отыр.

«ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 14.04.2010 жылғы №252 бұйрығына сәйкес, қабан – саны реттеуге жататын жануарлардың тізіміне кірмейді. Сондықтан доңыздарды егістік алқаптарда атуға рұқсат беру заңға қайшы. Былтыр аңшылық маусымында «Пухальск» аң шаруашылығына 53 қабанды атуға рұқсат берілген. Қабандарды атуға рұқсат беру және жолдама алу осы аңшылық шаруашылықтардың құзырына бекітілген. Қабандардан қорғанғысы келсе егіс алқаптарын өздері бақылауға алсын, қажет болса күзетші жалдасын. Доңыздарды атпай-ақ үркіту үшін түрлі амал-айла қолдануға болады. Егіс учаскелеріне адам терінің иісі бар HUKINOL препаратын, дыбыстық және иісті құрылғыларды пайдаланса да болады. Мүмкіндігінше, дәнді-дақылдарды, картоп және жүгері көкөністерін орманға жақын жерлерге екпегені жөн», - дейді Ақмола облысының орман және аң шаруашылығы территориалдық инспекциясының басшысы Лашынтай Дүйсенов.

Айта кетейік, осыған ұқсас жағдай бұған дейін Татарстанда, Беларусь елінде де жиі болған екен. Ауыл шаруашылығына айтарлықтай залал келгендіктен, аталған елдердің билігі жабайы аң-құстың санын қысқарту шараларын қолға алған. Зеренді ауданының шаруалары да билік тарапынан осындай көмектің керек екенін айтып отыр. Көмек болмаса ондаған қожалық банкрот болып, жүздеген адам жұмыссыз қалады.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы

Серіктес жаңалықтары