Қазақстанда жыл сайын 1 мың адам ата-ана құқығынан айрылады
Оған негізгі себеп – маскүнемдік пен балаға әлімжеттік көрсету
Қазастанда жыл сайын орта есеппен, 1 мыңдай адам ата-ана құқығынан айрылады. Бұл жөнінде Білім және ғылым министрлігінің балалардың құқығын қорғау тақырыбына арналған брифингінде айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Мамандардың айтуынша, ата-аналардың өз құқықтарынан айрылуының басты себептері – маскүнемдік пен балаларға тиісті жағдай жасамау, оларға әлімжеттік көрсетіп, ұрып-соғу.
«Тәжірибе көрсетіп отырғанындай, негізінен ішімдікке салынған азаматтар ата-ана құқығынан айрылады. Олар балаларының мектепте білім алуын қамтамасыз етпейді. Алдымен ондай отбасылар есепке алынады. Өткен жылдан бері медициналық-әлеуметтік есепті жергілікті атқарушы органдар жүргізеді. Ерлі-зайыптылармен профилактикалық әңгілемесу, маскүнемдіктен мәжбүрлі түрде емдеу, әкімшілік жауапкершілікке тарту сынды жұмыстар жүргізіледі. Мұндай шаралар нәтиже бермеген жағдайда материал жиналып, сотқа оларды ата-ана құқығынан айыру жөнінде ходатайство жіберіледі. Сот – мәжбүрліктен жасалатын соңғы қадам», - дейді ҚР ІІМ Ювеналдық полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау басқармасының бастығы Әсет Оспанов.
Ата-ана құқығынан айрылған азаматтардың балалары адаптация орталықтарына орналастырылады. Одан кейін балалар үйлеріне жіберіледі. Дегенмен, баланың әке-шешесі маскүнемдектен емделіп, жұмысқа орналасып, тұрмыстық жағдайын оңалтатын болса, ата-ана құғын қайтарып алуына болады.
«Ата-ананың іс-әрекеті кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау комиссиясында бірнеше рет қаралады. Егер олар өздерінің өмір сүру салтын түзету туралы шешім қабылдап, әрекет етпесе, істі сотқа жіберуге мәжбүр боламыз», - дейді ҚР БҒМ Балалар құқықтарын қорғау комитеті төрағасының м.а. Дулат Жекебаев
Брифингте айтылғандай, бүгінгі күні Қазақстанда 8 мың қолайсыз отбасында 12 мың бала тәрбиеленуде. Мамандар мұндай жанұялардың азайып келе жатқанн атап өтті. Осындан екі жыл бұрын елімізде 10 мың қолайсыз отбасы тіркелген екен.
Эльмира Мәмбетқызы