$ 502.83  545.37  5.95
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

ШҚО-да 16 мың ерекше бала тұрады – ректор Ұлттық құрылтайда айтылған маңызды мәселе туралы пікірін айтты

Ол жиында сөз болған «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама қабылданса қандай өзгерістер күтіп тұрғанына болжам жасады

ШҚО-да 16 мың ерекше бала тұрады – ректор Ұлттық құрылтайда айтылған маңызды мәселе туралы пікірін айтты
Фото: Мұхтар Төлегеннің жеке мұрағатынан

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Мұхтар Төлеген Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда балалардың болашағына қатысты айтылған маңызды мәселелерге пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.  

Ол жиында сөз болған «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама қабылданса қандай өзгерістер күтіп тұрғанына болжам жасады.

«Осымен IV рет өтіп отырған Ұлттық Құрылтай отырысындағы көтерілген мәселелер қазіргі таңда мемлекет үшін, халық үшін өзекті. Оның ішінде ерекше атап өтерлігі балалардың болашағы, оларға көрсетілетін қамқорлықтың нақтылығы. «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама қабылданса, ол тұрмыстық зорлық-зомбылық, өкінішке орай балаларға қарсы болып жатқан құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік бере түсері анық. Білім мен тәрбиені қатар алған елдің болашағы жарқын. «Біртұтас тәрбие» бағыты елдегі барлық мемлекеттік білім ошағына енгізе отырып, отаншыл, білімді, жасампаз ұрпақ тәрбиелеуге жол ашамыз. Осылай біз елдің Адал азаматтарын тәрбиелейміз», - деді білім ордасының басшысы.

Оның айтуынша, дамудың даңғыл жолына таңдаған еліміз үшін бұл Құрылтайда қозғалған мәселелердің маңыздылығы зор. Сондықтан, әр айтылған бағыт бойынша атқарылатын істердің нәтижелі болуы әр қазақстандыққа тікелей байланысты екені де сөзсіз.

«Бұдан бөлек, Президент әрбір облыс орталығында ерекше қажеттілігі бар, соның ішінде аутизмге шалдыққан балаларды оңалту және дамыту орталықтарын құру керектігін айтты. Жыл соңына дейін осындай балаларға жан-жақты қолдау көрсету ісін реттейтін жаңа заң әзірлеу керек деді. Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар әрбір баланың толыққанды білім алуға мүмкіндігі болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе», - деді Мұхтар Төлеген.

Ректор ерекше балаларға қатысты өзі басқаратын оқу ордасында қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Біздің С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Эргопедагогика», «Ерте әсер ету педагогикасы» деген жаңа білім бағдарламаларын ашылған. Білесіздер, Қазақстанда 200 мыңнан астам бала ерекше білімді қажет етеді. Инклюзивті білім мен тәрбиені қажет ететін 16 мың бала ШҚО-да. Осы ретте біздің университетте «Dana bala»  инклюзиялық орталық ашылып, бүгінде өз жұмысын қарқынды жүргізуде. Тірек-қимыл аппаратын дамыту бойынша нақты іс-шараларды қолға алынды. Арнайы педагогикалық-психологиялық құрылғыларды шығарып жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын енді жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен екі есе қарқынмен атқарылатын болады деген сенімдеміз», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары