«VIP-зираттар пайда болады»: депутат қабірлерді жекешелендіруге қарсы шықты
Ол бұл жерлеу рәсіміне қатысты қызметті қымбат қылады дейді

Сенатор Андрей Лукин зираттарды жеке меншікке беруге қарсы шығып, оларды жекешелендіру жоспарынан алып тастауды талап етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жер кодексіне сәйкес, зираттар – жерлеуге арналған арнайы жер. Оны коммерциялық мақсатта пайдалануға тыйым салынған. Егер жерлеу қызметтері бәсекелестік ортаға берілсе, бұл саланың монополияға айналуына әкеледі. Алаяқтық көбейіп, жер учаскелері заңсыз бөлінуі мүмкін», – деді сенатор.
Ол Астанадағы жағдайды мысалға келтірді.
«Қазір елордада жерлеудің құны республика бойынша ең төмен. Бірақ жекешелендірілген жағдайда, жеке меншік компаниялар бағаны көтеретіні анық. Мысалы, COVID-19 пандемиясында кейбір жеке компаниялар бір адамды жерлеу үшін 1 миллион теңгеге дейін сұраған. Ал мемлекеттік құрылымдар қолжетімді баға ұсынды»,– деп атап өтті.
Сондай-ақ, сенатор «зираттарды коммерциялық ортаға берсек, VIP-зираттар пайда болады, мен бұған қарсымын» деп мәлімдеді.
Осыған байланысты, Лукин үкіметке:
- Зираттарды жекешелендіруді тоқтатуды,
- Жерлеу рәсімдерін реттейтін арнайы заң қабылдауды,
- Негізгі жерлеу қызметтерінің шекті бағасын белгілеуді,
- Зираттағы жерді заңсыз сатқаны үшін қылмыстық жаза енгізуді ұсынды.