$ 502.47  525.83  5.68
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.02.2025, 15:25
Қоғам

Қазақстан Каспий теңізін құтқаруға 42 млрд теңге жұмсайды

Биыл бірінші кезеңге 20 млрд теңге қажет

Қазақстан Каспий теңізін құтқаруға 42 млрд теңге жұмсайды
Фото: sneg.top

Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту үшін Ақтау портының акваториясында теңіз түбін тереңдету жұмыстарына 42,1 млрд теңге жұмсалады. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновтің Сенат депутаттарына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттар Каспий теңізінің деңгейі төмендегеніне байланысты Транскаспий халықаралық көлік дәлізі толыққанды жұмыс істемей тұрғанына алаңдаған. 2023 жылғы маусымнан – 2024 жылғы желтоқсанға дейінгі аралықта теңіз деңгейі 50 см-ге төмендеген.

«Ақтау порты акваториясында су деңгейінің 10 см төмендеуі құрғақ жүк кемелерінің жүкті орта есеппен 130-150 тоннаға, ал танкерлердің 200 тоннаға кем тиеуіне әкеліп соғады. Ал бұл жүк тасымалынан түсетін табыстың азаюына апарады. Каспий теңізі порттарының үздіксіз жұмысы Транскаспий халықаралық көлік маршрутының қалыпты жұмыс істеуі үшін шешуші рөл атқарады. Осыған байланысты порт акваториясында теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қажетті навигациялық тереңдіктер құру үшін Ақтау теңіз портының акваториясында және кіреберіс каналдарында теңіз түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу талап етілед», -деген еді сенаторлар.

Үкіметтің жауабына сүйенсек, «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ұлттық компаниясы  жобалау-сметалық құжаттама әзірлеген, мемлекеттік сараптама оған оң қорытынды берген.

«Аталған қорытындыға сәйкес жұмыстардың жалпы құны 42,1 млрд теңгені құрайды, оның 1-ші кезегіне (2025 жылы) – 20,6 млрд теңге қажет. Ақтау портының акваториясында түп тереңдету жұмыстарын 2025 жылы жүргізудің маңыздылығын назарға ала отырып, қаржыландыру мәселесін 2025 жылғы республикалық бюджетті нақтылау кезінде пысықтау жоспарланып отыр. Бұл мәселе Үкіметтің бақылауында», - делінген жауапта.

Серіктес жаңалықтары