Рамазан-2025: Қазақстандағы пітір садақаның биылғы мөлшері белгілі болды
Мүфтият еліміз бойынша пітір садақаның орташа бағасын екі келі ұнға тең деп бекітті

2025 жылы Қазақстанда пітір садақаның мөлшері екі келі ұнның орташа бағасына теңге, яғни, 655 теңге болып бекіді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі Түркі мемлекеттері ұйымына қарасты Мүфтилер алқасы жанындағы Пәтуа кеңесімен ақылдаса келе, биылғы Рамазан айының басталатын күнін бекітті. Ортақ пәтуаға сәйкес, қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталады. Ал наурыз айының 26-нан 27-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 30 наурыз – Ораза айт мерекесі», - деп жазады баспасөз қызметі.
Ал, бүгін Бас мүфтидің төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде пітір садақа мөлшері бекіген.
«Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 655 теңге болып бекіді», - деп хабарлады мүфтият.