Петропавл іргесіндегі ауыл бірнеше күннен бері сусыз отыр
Якорь ауылында 3 мыңға жуық халық тұрады
Петропавл қаласының іргесінде орналасқан Якорь ауылындағы су құбыры жарылып, тұрғындар бес күннен бері ауыз сусыз отыр. Бұған дейін аталған елді мекен халқы тіршілік көзін облыс орталығынан тасып ішуге мәжбүр болып отырғаннын жазған едік, деп хабарайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Якорь ауылының 3 мыңға жуық халқы бар. Өткен ғасырда салынған құбырлар жиі жарылып, халық пен коммуналдық қызмет өкілдерін әбігерге салады. Әбден тозығы жеткен желімен келген судың сапасы да сын көтермейді. Кәріз суының исі шығып тұрады. Сондықтан көпшілік асқа пайдаланатын суды дүкеннен сатып алуға немесе облыс орталығынан әкелуге мәжбүр. Енді міне, бірнеше күннен бері оған да зар болып қалған.
«Суды көршімнен сұрап алдым. Дүкенде таусылып қалыпты. Біздің үйдің жанындағы құбыр жарылды. Жұмысшылар жөндеді де, жауып кетті, тексерген де жоқ. Олар кетісімен қайта жарылды. Көрген күніміз осы. Краннан аққан суды тек кір, еден жуу сынды жұмыстарға пайдаланамыз. Ішу мүмкін емес. Сондықтан қаншама шығындалып, суды дүкеннен алып отырмыз», - дейді Айгүл Көбелекова.
Жарылған құбырдың кесірінен жүз отбасы сусыз қалған. Якорь ауылдық округінің әкімі Валерий Тихий елдімекен тұрғындары үшін бұл үйреншікті жағдайға айналғанын айтады.
«Бұл құбыр мамыр айында осымен 5-ші рет жарылып тұр. Ай сайын кемінде үш рет апат болады. Биыл желінің бір бөлігі жөнделмек. Ең бірінші жиі жарылатын бөліктер қамтылады. Бірақ құбыр толықтай ауыстырылмайды», - дейді ауыл әкімі.
Елдімекендегі су желісі 12 шақырымға созылып жатыр. Құбырлардың тартылғанына жарты ғасырдан асып кеткен. Биыл желінің 7 пайызы ғана жаңартылмақ. Қалғаны келер жылдардың еншісіне қалдырылып отыр. Сондықтан Якорь ауылының тұрғындарына әлі талай уақыт суды сатып алуға тура келетін сыңайлы.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО