Ұлттық тестілеу орталығының экс-басшысына 140 млн теңге пара алды деген айып тағылды
Ол параны ЖШС өкілінен 2 бөліп алған
Нұр-Сұлтанда Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Ұлттық тестілеу орталығының бұрынғы басшысы Рамазан Әлімқұловтың ісі қаралып жатыр.
Прокурордың айтуынша, Ұлттық тестілеу орталығының басшысы боп тұрғанда Рамазан Әлімқұлов екі компанияның басшыларынан жалпы сомасы 140 миллион теңге көлемінде пара алған.
Мемлекеттік айыптаушы Бауыржан Исабековтің айтуынша, Әлімқұлов 2017 жылдың ақпанында Ұлттық тестілеу орталығына директор боп тағайындалған. Оның құзырына тек орталықты басқару және ҰБТ өткізу жұмыстары ғана кірген. Орталық міндеттерінің бірі – үздіксіз білім беру жүйесіндегі білім сапасын арттыру, студенттік контингентті қалыптастыруда жаңа модельдерді енгізу болып табылады.
«2017-2018 жылдар аралығында Орталық аймақтарға іс-сапарға кеткен қызметкерлері мен мұғалімдерін қонақ үймен қамтамасыз ету үшін ЖШС-мен келісімшарт жасасады. Сол уақытта Әлімқұлов аталған компанияның өкілі арқылы ірі көлемде пара алған. Сол үшін ол келісімшартты үзбеуге және жалғастыруға, есептерін еш кедергісіз қабылдап алуға уәде берген», - деді прокурор.
Оның айтуынша, 60 және 80 миллион теңге параны Әлімқұловтың үйіне жеткізіп отырған.
Алайда, экс-басшы бұл айыптардың ешбірімен келіспейтінін айтты. Оның сөзінше, тестілеу орталығы аталған компаниямен келісімшартты оның тағайындалғанына дейін жасасқан. «Керісінше, мен бюджеттің 289 миллион теңгесін үнемдедім», - деді ол сот отырыснда.
Еске салайық, Рамазан Әлімқұлов биыл мамыр айында ұсталған болатын.