Тауық еті Түркістанда, жылқы еті Алматыда аспандап тұр

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізімі 19 тағамнан тұрады. Жылқы мен қой еті ол тізімге кірмейді. Тізімде сиыр мен тауық еті ғана бар 

Тауық еті Түркістанда, жылқы еті Алматыда аспандап тұр

Астанада ет қаншадан?

Елімізде қазан айында ет бағасы аса қымбаттай қойған жоқ. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне кіретін тауық және сиыр етінің Нұр-Сұлтан қаласында аздап арзандағаны байқалады. Мысалы, қыркүйекте сиыр еті бойынша статистика комитеті ұсынған орташа құн – 1866 теңге болса, қазір «Шапағат» коммуналдық базарында 1450-1600 теңге аралығында сатылып жатыр.

 Дегенмен, «Әлем» сауда орталығында еттің бұл түрі 2000 теңгеге дейін барады. Ондағы саудагерлер ет бағасының қымбат болу себебін тек жас мал соятындарымен түсіндіреді. Тауықтың сан етінің де бағасы қыркүйектегі көрсеткішпен салыстырғанда аса жоғары емес, «Курочка ряба» өнімдері базарларда 900-1000 теңгеден сатылып жатыр.

Статистика комитетінің мәліметінше, қыркүйек айында еліміздегі тауық еті ең қымбат қала Түркістан болыпты. Су жаңа облыс орталығында тауық сирақтары орташа бағамен 1005 теңгеден сатылған. Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы баға 1002 теңгеге тұрақтаған.

Жылқы мен қой еті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне кірмейді

Жылқы етіне келсек, еліміздің барлық өңірінде оның құны 2000 теңгенің айналасында. Ең қымбат баға өткен айда Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында тіркелген. Елордада 2225 тг, ал Алматыда 2365 теңгеден сатылған. Қазір жылқы еті Нұр-Сұлтанның «Шапағат» коммуналдық базарында 1950-2000 теңгеден, ал басқалары 2300-ден беріп жатыр.

Қыркүйек айында Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында қой етінің орташа бағасы 2100 теңге болса, қазір елордада 1800 теңге. Жылқы мен қой еті жылдағы дәстүр бойынша қыс мезгілінде қымбаттағанымен, Үкімет оны тікелей бақылай алмайды. Себебі, еттің бұл түрлері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік санатына жатпайды. Қой еті бұрын бұл тізімде болған, алайда, халық оны аз тұтынады деген себеппен 2017 жылы тізімнен алынып тасталды. Сол кездегі Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары «Қой етін тұтыну жан басына шаққанда тек 6-7 келіден келеді, бұл барлық ет түрінің 10 пайызы ғана» деп түсіндірген еді.

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар 19 тауар түрі бекітілген. Бұрын 33 азық-түліктен тұратын тізім 2017 жылы  екі есеге дейін қысқартылды. Ауыл шаруашылығы министрлігі оны бағаның қымбаттауы мен қалған тауарлар құнын тиімді бақылау үшін деп түсіндірген.  Шарт бойынша коммуналдық базарлар Үкімет бекіткен шекті бағаның үстіне 15% ғана үстеме қоса алады.  

Түркістанда тауық еті тапшы

Тауық етінің қымбат болу себебін Түркістан қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы импортқа тәуелділікпен байланыстырды. Сондай ақ, маман Статистика комитеті келтірген мәліметке күмәнмен қарайды.

«Түркістанға жақын Кентау қаласында тауық фермасы бар. Бірақ олардың ашылғанына бір жыл ғана болғандықтан, ішкі нарықты толық қамтамасыз ете алмайды. Қазір әлеуметтік сауда орталықтарында тауықтың сан еті 750-800 теңге. Ал нарықта 900 теңгеден жоғарылаған жоқ. Статистиканы жасайтын мамандардың мәліметі барлық уақытта дұрыс бола бермейді. Олар мүмкін бүтін тауық туралы айтқан шығар, ал сирағы арзан» - деді бөлім басшысы Гүлжан Даханова.

Ет қай өңірде қымбат?

 Статистика комитетінің 21 қыркүйекте шығарған бағалар түзілімі төмендегі кестеде көрсетілген. Одан ет ең қымбат қала Алматы екенін аңғаруға болады. Екінші орында Нұр-Сұлтан, іле-шала Шымкент қаласы тұр. Ал арзан аймақтаға тоқталсақ, Ақтөбеде екі позиция бойынша ет бағасы төмен. Есесіне жылқы еті аспандап тұр. Ал барлық позиция бойынша ең төмен баға Қостанайда. 

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.