Нұр-Сұлтанда 500 үлескердің үміті 23:40-та үзілді
Кеше, 24 қазан күні сағат 23:40-та Нұр-Сұлтан қаласындағы «Территория комфорта-1» тұрғын үй кешенінің бірінші блогы сүрілді
Бұл тұрғын үй кешенінің құрылысы қаланың сол жағалауы енді салына бастаған кезбен тұспа-тұс келді. 500 үлескер «жайлы» үйге жайғасамыз деп, жиған-тергенін төге салған еді. Діңгегі 2004 жылы қағылған «Территория комфорта-1» атты үйдің кеше, 24 қазан күні түнгі 23:40-та алғашқы блогы құлады.
Бір кешен – тоғыз әкім, 15 жыл
«Территория комфорта-1» кешенінің проблемасы елордадағы тоғыз әкімнің қызметімен қатар жүрді. 2003-2004 жылдары бұрынғы Астана, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Темірхан Досмұхамбетов болды. Кейін Өмірзақ Шөкеев, Асқар Мамин, Иманғали Тасмағамбетов, тағысын тағы саяси аренада аты белгілі әкімдер ауыса берді.
Ақыры, Алтай Көлгіновтің тұсында үлескерлердің 15 жылғы үміті әбден үзіліп, үй бұйырмасқа кетті. Оның cебебі, мердігер үйдің діңгегін №500 бетоннан емес, №250 бетоннан салған. Ол конструкция көп қабатты үйлердің құрылысына мүлде жарамайды.
Үй қалдығы басқа құрылыстың котлованына жарауы мүмкін
Кеше жанына жиырма шақты қызметкер ертіп, үйдің алғашқы блогын сүрген «Нұр Астана Құрылыс» ЖШС демонтаж жөніндегі жоба жетекшісі Әлиакпар Үмбеталиннің айтуынша, үй «ойдағыдай» сүрілген.
«Кеше құлаған ғимараттың жанынан 15 метр алшақтықта болдым. Жұрт қатты шу болды дейді, бірақ ондай қатты дыбыс болған жоқ. Жанымдағы қызметкерлер, тіпті, артынан келіп, «ақырын құлаттыңыздар ғой» деген адамдар куә бола алады. Ғимаратты ойластырып барып құлаттық, астына «жастық» төседік. Өзіміз ойластырғандай, ешқандай төтенше жағдайсыз сүрілді» дейді ол.
Қалалық әкімдіктің өкілдерімен үйдің қалдығы жойыла ма, әлде, тағы бір үйдің қазандығына төгіле ме деген мәселе қаралады. Маман ретінде ол үйлердің қазандығына кез келген тұрмыстық қалдық жарай беретінін ескертті. Бірінші блокты құлатуға 20 адам, төрт техника тартылған.
Үлескерлердің қанша ақшасы тоналды?
2018 қаңтарда Нұр-Сұлтандағы №2 Алматы аудандық соты үлескерлердің ақшасын жымқырған компания иелерін соттады. Сот үкіміне сай, 2006 жылдан бастап 2013 жыл аралығында бір топ адам «Территория комфорта-1» тұрғын үй кешені бойынша үлескерлердің 3 млрд 540 млн 761 мың теңгесін жымқырған. Осылайша, "Тamiz Invest Group" АҚ басшысы 11 жылға сотталды.
Ақшасын доллармен сақтағанда, үлескер қанша табыс табатын еді?
Осы тұрғын үй кешеніне ақша құйған адамдардың бірі – зейнеткер Ләйла Үтебалиева. 2006 жылы ол 30 мың долларын осы үйге салған. Айта кетейік, бұл үйге 100 мың долларға дейін ақша салған үлескерлер де бар. Қазір 50 мың теңгеге жетпейтін зейнетақысына ғана күн көріп, елордада пәтер жалдап жүрген Ләйла Үтебалиеваның 2006 жылғы 3 млн 900 мың теңгесі бүгінде 11 млн 640 мың теңгеге жететін еді.
2006 жылы бір доллар 132 теңге болса, арадағы 13 жылда бір доллар 388 теңгеге жеткен.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі үлескерлерге сүрілген үйдің орнынан қайта үй салынатынын хабарлады. Әзірге, жаңа инвестор туралы ақпарат жоқ.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан