$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.10.2019, 10:46
Қоғам

«Аурухананы жабу ақылға сыймайды»: Талғардың дәрігерлері министр Біртановтың сынына жауап берді

Ауданда жыл басынан бері ана өлімі мүлдем тіркелмеген

«Аурухананы жабу ақылға сыймайды»: Талғардың дәрігерлері министр Біртановтың сынына жауап берді
Фотоколлаж

Талғар аудандық ауруханасының дәрігерлері Денсаулық сақтау министрінің сынына жауап берді деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Ақ халаттылардың пікірінше, министр орталықты жабуды ойлағанша, оны жедел жәрдем көліктерімен және білікті кадрлармен қамтамасыз етуге бас қатыруы тиіс. Ал, 8 жыл бойы жырға айналған ыстық су ауруханаға осы аптаның соңында берілетін көрінеді.

Еске салайық, бұған дейін Денсаулық сақтау министрі облыстағы ана мен бала өлімінің көбейіп кеткенін айтып, дабыл қаққан еді. Ашуға мінген Елжан Біртанов істі прокуратаруға жолдап, аудандық аурухананың бас дәрігерін қызметінен шеттету туралы мәселені де көтерген. Бұл туралы министрліктің баспасөз хатшысы Гаухар Бисарина өзінің Facebook-парақшасына жазған болатын.

Ал, тексеруден шаршаған аурухананың басшылары «санитарлық талап сақталады, соңғы 9 жылда бірде бір ана өлімі тіркелген жоқ, сәби өлімі төмен, ел көлемінде бала өлімі болмаған аурхананы көрсетсін» деп, министрдің өзіне қарсы сауал қойды.

«Бала өлімі мүлдем жоқ деген болмайды. Әрбір ауруханада бар. Бірақ оның көрсеткіштері болады. Бізде бір келіге толмай шала туған шақалақтар көп. Салмағы 500-900 грамдық сәбилер туды. Салмағы 1,5 келіге дейін сексенге жуық бала болды. Олардың ішінде шетінегендері өте аз. 9 айда 7 шақалақ өлді. Мәселен, осы перзентханада биыл 2600 бала туды. Бес жүздей ота жасалса, оның 400-ден астамы кесар тілігі болды. Бірде бір ана өлімі болмады, ауыр жағдайдан аман алып қалу осындағы дәрігерлердің арқасы. Ыстық су жоқ деп сынады. Біз халықты ыстық сумен емдемейміз. Мінеки, бойлер тұр. Ешкімді мұздай сумен жуындырып жатқанымыз жоқ. Айтылып жатқан жағдайлармен келіспеймін», - деді бас дәрігердің орынбасары Нұргүл Матжанова.

Ана мен баланы қорғау жөніндегі бас дәрігердің орынбасары ауданда 4 мыңнан астам жүкті әйел болса, солардың 30% ғана сау дейді. Қалғандарының денсаулығында түрлі ақау бар. Дәрігерлердің пікірінше, аналар денсаулығының нашар болуына ауруханадағы мамандар емес, тұрмыстық жағдайдың дұрыс болмауы, мезгілінде есепке тұрмауы сынды жағдайлар себеп.

2011 жылдың күзінде қолданысқа берілген аудандық ауруханада қазір 230-дан астам маман жұмыс істейді. Орталық ауруханаға аудан аумағындағы ауылдарда орналасқан 34 медициналық орталық қарайды. 3 аурухана, 12 дәрігерлік амбулатория, 11 ФАП пен 9 медициналық пункте жұмыс істейтін екі мыңға тарта маман аудандағы 215 мыңдай халықтың денсаулығына жауапты.

Министрдің сынына ұшыраған аурухананың бас дәрігері Нұрлан Құлсейітовтың айтуынша, мұнда лор, окулист және жүйке аурларын қарайтын білікті дәрігерлер жетіспейді. Сондай-ақ, аудандағы 16 жедел жәрдем көлігі 70 шақырымға дейін созылып жатқан аудан халқына аздық етеді. Негізі 10 мың адамға бір бригададан болуы қажет.  Ал, аудандағы халық санына сапалы, жедел қызмет көрсету үшін әлі он шақты жедел жәрдем көлігі керек. 

«Ауруханада 240 төсек-орынға арналған алты бөлімше бар. Травматология, нейро-инсульт сынды бөлімдер бар. Барлық медициналық құралдар жаңа, былтыр америкалық рентген аппараты сатып алынды.  Мен осы салада 37 жылдан аса жұмыс істеп келем. Осында 8 жылдан асты бас дәрігер болғаныма. Өлім көрсеткіші өзге өңірлермен салыстырғанда төмен. Аурухананы жабуға болмайды. Аурухананың сапасы бір адамға байланысты емес қой. Қызметімде қалу-қалмауды облыстағы басшыларға қалдырайық. Әкем сатып әперген қызмет емес. Облыс басшылары не шешеді, соны көреміз», - деді «Талғар аудандық орталық ауруханасы» МҚК директоры Нұрлан Құлсейітов.

Бас дәрігердің айтуынша, ыстық сумен қамтамасыз ететін жылу ауыстырғыш құрылғы әу баста дұрыс есептелмеген. 33 мың шаршы метр ғимаратты ыстық сумен қамтамасыз етуге шағын құрылғының күші жетпейді. Операция кабинеттері, ана мен бала бөлімдері секілді маңызды деген жерлерге су ысытатын 60-қа жуық шағын қазандықтар (бойлер) ілінген. Аурухана әкімшілігі тек 8 жылдан соң ғана құны 4,5 миллион теңгелік «жылу алмастырғыш» аппаратты әкеліпті. Аспалы 60 қазандықтың орнына қойылатын құрал арқылы ыстық су аптаның соңына дейін берілмек.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы

Серіктес жаңалықтары