$ 497.88  518.59  5.44
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
13.02.2025, 12:36
Қоғам

Вице-министр ел ішінде қыдыратын қазақстандықтарға арзан қонақ үй табудың жолын сілтеді

Бәсекелестік болмағандықтан бизнес бағаны түсірмейді дейді ол

Вице-министр ел ішінде қыдыратын қазақстандықтарға арзан қонақ үй табудың жолын сілтеді
Фото: istockphoto.com

Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев қазақстандық курорттарда демалғысы келетін азаматтарға қонақ үйді күні бұрын брондауға кеңес берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сенат кулуарында редакция тілшісі вице-министрден Бурабай, Шымбұлақ сияқты курорттарда неге баға қымбат екенін сұрады.

«Мен Бурабайға жазда барғанмын. Осы қыста баруға мүмкіндік болмады, өйткені еңбек демалысына әлі шыққан жоқпын. Жалпы елімізде неге баға жоғары? Біріншіден, маусым кезінде бизнес субъектілері барынша пайда табу үшін жоғары баға қояды. Сұраныс болғандықтан, сервистің сапасына бас ауыртпайды. Өйткені сұраныс әрдайым бар. Бізде сапаны көтеріп, бағаны түсіруге әсер ететін бәсекелестікті туғызатындай туризм нысандары айтарлықтай көп емес», - дейді Еркінбаев.

«Ал енді қарапайым қазақстандықтар не істеуі керек? Бурабайға барайын десе, қымбат» деген сұрағымызға:

«Қонақ үйді күні бұрын таңдап, бронь жасау керек. Алдын ала брондап қойса, жақсы баға табуға болады. Мен өзім әдетте солай істеймін. Бірақ Каспийде бір ғана Риксос, Бурабайда бес қонақ үй, ал Шымбұлақ жалғыз ғана болса, өкінішке қарай, бизнес субъектілері жоғары бағаны ұстап тұрады. Бізге бәсекелестік керек. Сол себепті мемлекет бірқатар түзету қабылдап жатыр, соның ішінде туризм нысандары жылдан жылға көбейту үшін бизнеске арналған мемлекеттік қолдау шаралары бар», - деп жауап берді ол.

Еркінбаевтың айтуынша, Қазақстанда сапалы демалуға болатын арзан қонақ үйлер бар.

Серіктес жаңалықтары