Абай ауданында 81 жастағы шопыр-ата 50 жыл бойы бір жүк көлігін тоздырмай мініп келеді (ВИДЕО)
Қуаныш Бекшойынов ақсақал қарт жасына қарамастан көлігін өзі тазалап, өзі жөндейді
![Абай ауданында 81 жастағы шопыр-ата 50 жыл бойы бір жүк көлігін тоздырмай мініп келеді (ВИДЕО)](https://azattyq-ruhy.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2025/02/13/67ad8b28709f4888281736.jpg)
Абай облысы Абай ауданында тұратын 81 жастағы Қуаныш Бекшойыновның бір көлікті мініп келе жатқанына жарты ғасыр болған, деп жазады Azattyq Rýhy
Редакциямызға түскен экслюзив кадрларға қарасақ, 80 жастан асқан қария әлі тың. Оның үстіне, «ГАЗ 51» маркалы жүк көлігін мініп алып әлі де ауыл арасында қызмет етеді екен. Жерлестері Қуаныш Бекшойыновты нағыз еңбек адамы дейді. Жалпы, 60 жылдан аса көлік тізгіндеген Қуаныш Бекшойынов техниканың тілін әбден жаттап алған әрі зейнет жасында болса да сүйікті кәсібінен ажырамай, елінің алғысын арқалап келеді.
«Көлікке деген құмарлығым бала жастан бар. Ол кезде бүгінгідей көлік көп емес. Жүргізушілер даярлайтын арнайы мектепке жазылып, бітіріп шықтым. Содан бері техника менің сенімді серігіме айналды. Жасым келсе де көлігіме өзім күтім жасаймын», - дейді қарияның өзі.
Қуаныш атаның «ГАЗ 51» маркалы жүк көлігі өзімен бірге жасап келе жатыр. Қария соңғы 50 жыл бойы осы көлікті ғана мінген. Жаңа көлікке жолағысы да келмейді екен. Ақсақал 6 баладан 14 немере, 6 шөбере сүйген.