$ 497.88  518.59  5.44
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 11:45
Қоғам

Әуежайдан вокзалға 40 минутта барасыз: астаналықтар LRT-мен биыл емес, 2026 жылы жүретін болды

LRT пойыздары 18 станцияға аялдайды

Әуежайдан вокзалға 40 минутта барасыз: астаналықтар LRT-мен биыл емес, 2026 жылы жүретін болды
ото: clrt.kz

Астанада құрылысы ұзаққа созылған LRT биыл толығымен аяқталып, келесі жылдан бастап жолаушыларды тасымалдауға кіріседі. Қалалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы Azattyq Rýhy редакциясының ресми сауалына осылай деп жауап берді.

LRT эстакадасының 22,4 шақырымдық құрылысы аяқталып, жобаның маңызды кезеңдері жүзеге асырылған. Тіректердің құрылысы 100% аяқталған. Есіл өзені арқылы өтетін аспалы көпір салынған. Тәжірибелік учаскеде жарты шақырым рельс төселді.

«LRT станцияларының негізгі құрылымдары аяқталды. Пойыз операторлары іріктелді. Жақында олардың оқуы басталады. Операторлар алдымен Астанада оқиды, кейін оқуын Қытайда жалғастырады. Бұған қоса LRT пойыздары үшін депо салынып жатыр. Депоның құрылысы 2025 жылдың соңында аяқталады. Ал жолаушыларды тасымалдау 2026 жылдан басталады», - делінген ресми жауапта.

Қазақстан LRT пойыздарын көрші Қытайдан сатып алмақ. Вагондарды 100 жылдан астам тарихы бар «CRRC Tangshan Co., Ltd» корпорациясы шығарады.

«Барлығы 19 жылжымалы құрам болады. Олар қыркүйек айынан бастап жыл соңына дейін Астана қаласына жеткізіледі. Максималды сыйымдылығы – 652 адам. Пойыздар толығымен автоматтандырылған. Пойыздар әрбір 4-5 минут сайын жүреді. Күніне 25 мың адам тасымалдайды деген есеп бар», - дейді басқармадағылар.

Шенеуніктер Қытайдан жеткізілетін пойыздарды сатып алуға қанша қаражат бөлінетінін нақтыламады.

«Қаражат жалпы келісімшартта қарастырылған. Сол себепті қосымша ақша бөлінбейді», - деп қысқа қайырған.

Басқарманың ақпаратынша, жерүсті метросы Астана халықаралық әуежайынан «Нұрлы жол» вокзалына дейінгі аралықта 40 минутта жүріп өтеді. Бізді дәл осы жолды таксимен қанша уақытта жүріп өтуге болатыны қызықтырды. Такси қосымшасын ашып қарап едік, дәл қазір такси айналма жол арқылы әуежайдан теміржол вокзалына 25 минутта апарамын дейді. Бірақ жылдам сапар қалтаңызға салмақ түсіреді, өйткені такси құны 3500-4500 теңге аралығында құбылып тұр.

LRT-ның барлығы 18 станциясы болады. Толық тізімі төменде көрсетілген.

Жолаушылар үшін LRT жолақысы қанша теңге болатыны әзірге белгісіз. Тариф пен төлеу әдістері нысан пайдалануға берілгеннен кейін ғана айтылады.

Серіктес жаңалықтары