Петропавлға қоныс аударған 22 жастағы шымкенттік жігіт табысты бизнес басқарып отыр
Қасым Амангелді ерлерге арналған «Barber shop» директоры

Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған шымкенттік Қасым Амангелді 22 жасында «Barber shop» ерлер шаштаразын ашқан. Айтуынша, оңтүстік өңірде салон индустриясында бәсеке көп болған соң, Петропавл қаласына қоныс аударған. Жас кәсіпкер Azattyq Rýhy тілшісімен әңгімелесіп, Қазақстанның қос тарабындағы тұрғындардың еңбек өнімділігі, кәсіпкерлік саласындағы тәжірибиесімен бөлісті.
ҚАСЫМ 20 ЖАСЫНДА СОЛТҮСТІККЕ ҚОНЫС АУДАРҒАН
Қазығұрт ауданы тумасының Аққайыңдар өлкесіне қоныс аударғанына екі жылдай боп қалған. Алғаш ол басқа кәсіпкерлердің қол астында жұмыс істеген.
«Қоныс аударған соң, өзге кісілердің қол астында қызмет атқардым. Жұмыс барысында солтүстік өңірде ерлерге қызмет көрсететін сән салондарының жолға қойылмағанын байқадым. Оның үстіне шаш шеберлерінің көпшілігі жасы 40-тан асқан әйел адамдар. Өзім ер жігіт болған соң, жігіттердің көпшілігі тек ерлерге арналған «Barber shop» салондарына барғысы келетінін білемін. Осылайша неге тек ерлерге арналған сән салонын өзім ашпасқа деген ой келді», - дейді ол.
Қасым шаш қиюды анасынан үйренген. Бүгінде жеке кәсібін дөңгелетіп отырған жігіт орта білім иесі.
«Мен 9 сыныпты аяқтаған соң, электрик мамандығын оқытатын колледжге оқуға түстім. Бірақ ол мамандығыма аса көңілім болмады. Оның үстіне кішкентайымнан анам қолыма қайшы-тарақ ұстауды үйреткен. Ауылда жүрген кезде сыныптастарымның, көрші-қолаңның шашын қиып беретін едім. Есейе келе осы саланың маманы болғым келетінін түсіндім. Сөйтіп 8 жыл ішінде шаштараз болуға машықтандым», - деді Қасым.
КҮНІНЕ 40 КЛИЕНТ ҚАБЫЛДАЙДЫ
Өзгелердің қол астында емес, өзі үшін жұмыс істеуді көздеген кейіпкеріміз мемлекеттік бағдарламамен кәсіпкерлерге арналған жеңілдіктерді пайдаланбақшы болған.
«Өз салонымды ашу үшін инвестиция қажет болды. Үкіметтен берілген мүмкіндікті пайдаланайын деп, кәсіпкерлерге қолдау білдіретін «Атамекен» палатасына барып, «Бизнес бастау» бағдарламасы арқылы 3 ай оқып, сертификат алдым. Ары қарай кәсіп ашуға көмек алу үшін қаржы мекемелеріне және жұмыспен қамту орталығына тапсырыс берген едім, алайда кері жауап болмады. Қайтарымсыз несиеге де өтініш бердім, бірақ ол жақтан да еш хабар келмеді (күліп). Соңында бір жылдан аса өз қаражатымды жинап, тек ерлерге арналған «KASYM» шаштаразын аштым», - дейді жас кәсіпкер.
Қасымның ата-анасы да баласының артынан көшіп келген. Қазір олар СҚО-ның Красноярка ауылында тұрады, мектеп қабырғасында қазақ тілі мен әдебиеті және тарих пәндерін оқытады. Ал үлкен әпкесі және екі інісі Шымкент қаласында қалған екен. Ол жол ұзақтығына қарамастан, туған жеріне жылына 3-4 рет барып тұрамын дейді.
«Шымкент мен үшін ерекше қала. Біздің жақтағы адамдар 100 пайыз қазақ тілінде сөйлейді. Петропавлда ондай емес. Алғашында келгенде бірден сіңісіп кеткен жоқпын. Орыс тілін білмегендіктен, біраз қиындықтар болды. Алайда қазір бәріне ризамын, кері қайту жоспарымда жоқ. Қоластымда 4 шеберім, бір шәкіртім бар. Карантинге дейін күніне кем дегенде 40 клиентті қабылдап жүрдік», - дейді ол.
СОЛТҮСТІК ПЕН ОҢТҮСТІКТІҢ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ МӘДЕНИЕТІ ТУРАЛЫ
Шаш шебері қос өңір халқының тұрмыс-тіршілігі, өмір сүру мәдениеті бір-бірінен алшақтау екенін жасырмады. Айтуынша, солтүстікте қызмет көрсету мәдениеті жоғары дамымаған.
«Оңтүстік өңірде қызмет көрсету мәдениеті жақсы дамыған. Сауда-саттық, сән салондары мен тойхана бизнесі деген қала тұрғындарының табыс көзі ғой. Ал ауылдағылар мақтасын теріп, қауын-қарбызын егіп, шаруамен айналысады. Осы жағына келгенде солтүстіктегілер аздап жалқаулау. Менталитеттері, тілдері көбіне орысша болғандықтан ба екен, көпшілігі өздерін күтіп, жандарын аяп өмір сүреді. Біздің шымкенттіктердей «дүние жүзін жаулайық» деген ой жоқ (күліп). Біз жақта бесіктегі баладан бастап, қолына таяғын ұстаған қартқа дейін еңбекқор десем артық айтпағандық болар. Оңтүстіктің менталитетін сіңіріп өскендіктен, жұмысты жанымды салып істеймін», - дейді ол.
ЖАСТАР ЖӘНЕ МОБИЛЬДІЛІК
Кейіпкеріміз ел жастары өзге өңірлерге қоныс аударып, жаңаша өмір бастаудан қорықпаса дейді. Жас кәсіпкердің алдағы мақсаты – өз саласын әрі қарай дамытып, ел аумағындағы басқа қалаларда «Barber shop» орындарын ашу.
«Өзім сияқты кәсіпті енді ғана бастап жатқан жастар үшін солтүстік өңірі өте ыңғайлы. Үлкен мегаполис емес, бәсеке аз, адамдары шынайы. Еңбегіңнің ақысын лайықты түрде аласың. Оңтүстік өңірде көзбе көз алдап кететіндер көптеу. Бұл жақтың табиғаты да әсем, ауасы да саф таза. Бәлкім таза орыстанып кеткен қалаларға біз сияқты оңтүстік жастары көптеп келіп, өңірді қазақыландыруға да үлес қосуы керек шығар. Қазір бұл жерде менің достарым, өзіндік ортам бар. Бір бірімізге үйретеріміз, үйренеріміз көп. Бір қазақтың балалары болғанымызбен, «әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» деген айырмашылық сезіледі. Жалпы көшпелі қазақтың ұрпағымыз дейміз, бірақ бір аймақтан екінші аймаққа көшуге жүрексініп жатамыз. Қатарластарыма мобильді болуға кеңес беремін. Әлем сәт сайын өзгеріп жатыр. Бір орында отыра беруге болмайды. Америка асып жатқан бауырларымызда жетерлік қой, ол жаққа баруға мүмкіндігің болмаса осы елдің ішінде-ақ біраз дүниеге қол жеткізуге болады. Ең бастысы ерінбеу қажет», - деп аяқтады ол әңгімесін.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан