Қазақстандағы «кибер балалар», протезге мұқтаждық және сән апталығы

Елде анатомиялық ерекшелігі бар адамдар саны 13 мың, оның 7% балалар

Қазақстандағы «кибер балалар», протезге мұқтаждық және сән апталығы

Алматыда  «Eurasian Kids Fashion Week» сән апталығының екінші маусымы ашылды. Жобаның аясында ұйымдастырушылар балардың сән көрсетілімімен ғана шектелмеген. Елдегі мүмкіндігі шектеулі балалардың өз қабілетін көрсетуіне жол ашып отыр.  Azattyq Rýhy тілшісі өздерін «кибер балалар» (аяқ-қолдары протез- авт.) деп атайтын жасөспірімдердің өмірі мен бүгінгі тіршілігі туралы деректерге назар аударды

Сән апталығының жеткшісі Ләззат Мамедова осыған ұқсас әлемде түрлі жобалар бар, бірақ бұл елімізде тұңғыш рет қолға алынған әлеуметтік бастама екенін айтады.  EKFW алаңына биыл шығармашылыққа жаны жақын, алдағы уақытта сән индустриясынан өз орнын алғысы келетін балаларға орын берілген. Соның ішінде жарымжан балалар да бар.

«Жобаға келген балалардың жасы 6 мен 16 жас аралығын қамтиды. Олар отандық дизайнерлер дайындаған сән үлгілерін подиумға алып шықты. Бұл жобаны өткізу наурыз айына жоспарланған болатын. Алайда карантинге орай ол екі айға кешіктірдік.  Десе де ұйымдастырушылар оқушылардың соңғы қоңырауына орай сән көрсетілімін онлайн форматта өткізуді ұйғардық»,- дейді жоба авторы.

Балалар сән апталығының негізгі әріптесі Cyberfund (Кибер қоры) қайырымдылық қоры биыл алғаш рет бірнеше баланы сән подиумына шығарды. Қордың миссиясы аяқ-қолынан ерте айырылған немесе іштен мүгедек болып туған балаларға протез сатып әперумен айналысады. Елде сапалы жасанды дене мүшесіне мыңдаған бала мұқтаж көрінеді.

«Менің өз қызымы несеп жолының аплазиясы (диагнозом аплазия мочеточника- авт.) деген диагнозбен туылды. Біз ауруханада жатқанда аяқ-қолы жоқ болып туған нәрестелермен бірге жаттық. Менің қызымдікі дене мүшесінің ішінде болғандықтан білінбейді. Бірақ сыртқы бір дене мүшесінің кем болуы ата-анаға өмір бойы тәуелділікке әкеледі. Осы қорды құру арқылы мен мүгедек балалардың өздігінен өмір сүруіне жағдай жасауды ойластырдым. Кибер балаларды өмірге бейімдеп, заманауи протездерді сатып әперуге көмектесіп жатырмыз. Олар елдегі экономикалық- әлеуметтік өмірдің бір бөлшегі болып кетеді»,- дейді Гүлзат Мырзағұлова.

Қазақстанда еңбек және әлеуметтік министрлігінің мәліметінше, анатомиялық ерекшелігі бар адамадар саны 13 мың. Олардың арасында 7 пайызы балалар. Елде протездің орташа құны 2 млн теңге. Мамандардың айтуынша әр протез баланың өсуіне байланысты 1-2 жыл аралығында ғана қызмет етеді. Жоғарыдағы қайырымдылық қоры халықтың қаржыландыруымен 2 балаға бағалы протез сатып алып берген. Алдағы уақытта тағы екі жеткіншекке бионикалық протез сатып алуға қаржы жинап жатыр.

Давид Мунның жасы 11-де. Көп балалы отбасынан шыққан оның сол жақ қолының шынтағынан төмен жоқ. Сол қолдың аплазиясы деген диагнозбен туған Давидке бионикалық жасанды дене мүшесі қажет. Жасөспірім мүгедектігіне қарамастан белсенді өмір салтын ұстанады. Спортқа жақын. Қазақ, ағылшын және қытай тілдерін үйреніп жүр. Алматы облысы Қапшағай қаласында тұратын ол болашақта инженер-робототехник болуды армандайды.

Алматы облысы Көсай елдімекенінде тұратын Данил Бектасовтың тағдыры Давидтан өзгерек. Ол 2,5 жасында электрлі еттурағышқа  қолын тығып алған. Ата-анасы бірнеше рет күрделі операция жастқанымен сол қолын білектен төмен қайтадан қалпына келтіре алмапты.  Бүгін сән подиуымына көтерілген бүлдіршіннің арманы көп. Қайырымдылық қоры жақында оған 1 млн 100 мың теңгеге арнайы протез сатып әперген. Қаражат жинауға қазақстандықтардан тыс Өзбекстан, Ресей азаматтары да атсалысыпты. Данил отбасында екінші бала, ол биыл мектепке барады.

Айман Молдабекова Қазақстандағы танымал кибермодель. Жақында 16 жасқа толған бойжеткен ана құрсағынан бір білексіз туылған. Сол шынтағының аплазиясы деген диагнозбен өмір сүріп жүрген Айман сән саласын таңдаған. Ол Түркиядағы модель агенттігінде жұмыс істеп, жақында елге оралған. Ол өзі сияқты өзге балаларға үлгі болады. Осы күнге дейін Испания, Италия және Германиядағы кибермодель туралы жазылған мақалалардың кейіпкері және фотосуреттері еуропаның танымал журналдарында жарық көрген.

Онлайн форматта өткен сән көрсетілімі кино қаһармандарының қимылын жасап,  қолдағы протездерді кибер адамдар кейпіне ұқсастыруымен қызық. Функционалдық протездердің әдеттегі жасанды дене мүшелерінен айырмашылығы көп. Кибер аяқ, кибер қол және кибер көзі бар балаларды шетелдік сән индустриясының өкілдері түрлі жарыстар мен көрсетілімдерге шақырып тұрады. Көбіне көлеңкеде қалатын мұндай жандар үшін «Eurasian Kids Fashion Week» сән апталығының маңызы да ерекше.  Алдағы жылы бұл шара ауқымды болады, қатысушылардың да саны көбеймек.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.