Түрмеде кәсібін бастаған азамат бостандыққа шыққан соң жұмыс берушіге айналды
Қазір оның қоластында бес адам жұмыс істейді

Қарағанды облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Долинка кентінде орналасқан АК-159/7 мекемесі қауіпсіздігі жоғары колонияда төрт жыл бұрын бизнесін ашқан сотталғандардың бірі бостандыққа шықса да, жеке ісін жалғастырып келеді. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.
Сотталғандарға бас бостандығынан айыру орындарында жеке ісін ашу ҚР Қылмыстық атқару кодексінің 119-бабы 4-тармағы (сотталғандар мекеме аумағында жеке еңбек қызметімен айналыса алады) аясында берілген. Осы мүмкіндікті Артем Забара есімді жазасын өтеуші пайдаланып, мекемеде кәсіпкерлік жолын бастап, жиһаз шығарумен айналысады.
Кәсіпкер жалпы сомасы 10 000 000 теңгеге жиһаз жасап, орташа есеппен айына 300 000 теңгенің өнімін өткізе алады. Осылайша, Артем Шахтинск қалалық сотының шешімімен мерзімінен бұрын қамаудан босатылған. Босатылғаннан кейін де кәсібін тоқтатпаған. Ол тек табыс тауып қана қоймай, сотталған азаматтарға да көмек беріп келеді. Қазір оның қоластында бес адам жұмыс істейді. Жұмысшылармен еңбек шарттары жасалған, жалақы төленеді және әлеуметтік пакет беріледі.
«Бас бостандығынан айрылған адам үшін еңбек – ол тек жалақы ғана емес, олардың өміріндегі маңызды бір фактор, бостандыққа тезірек жетуге ынталандыру. Сол себепті, жұмыс істейтін әрбір сотталған адам жұмыс орнын құрметтейді, берілген тапсырмаларды біліктілікпен және сапалы орындайды», – дейді Артем Забара.
Бас бостандығынан айыру орындарында дйындалатын өнімдер әртүрлі. Жиһаз корпусынан бастап металл өңдеу, жылыжайда көкөністер мен саңырауқұлақтар өсіруге дейін ұйымдастырылған. Алдағы уақытта сотталғандар мекеме жанындағы колледжде оқып, өз бағыттары бойынша мамандық алып шыға алады.