$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.05.2020, 16:08
Қоғам

ШҚО-да ешбір тексерістен өтпеген мал еті базарларда сатылып жатыр

Шығыстағы шаруалар жабылған ветеринарлық зертхана бойынша шағым айтты

ШҚО-да ешбір тексерістен өтпеген мал еті базарларда сатылып жатыр
Төмендегі фотолар: екі ай бұрын жабылған зертхана

ШҚО-дағы шарауа қожалық иелері малға сараптама жасайтын зертхананың жабылғанына наразы. Ал 320 мың бас малы бар қатонқарағайлық шаруалар қан тапсырып, қажетті құжат алу үшін 300 шақырым жердегі Алтай қаласына баруға мәжбүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Редакциямызға Шығыс Қазақстан облысы тұрғынынан хат келді. Хатта шаруалар құзырлы мекеме басшыларының шешімінен соң жағдай қиындап кеткенін айтады. Мал басының көп болғанына қарамастан, Қатонқарағайдағы ветеринарлық зертхана санитарлық талапқа сай келмейді деп танылып, екі ай бұрын жабылып қалған.

ХАЛЫҚ МАЛДЫҢ САУ ЕКЕНІН АНЫҚТАУ ҮШІН 600 ШАҚЫРЫМ ЖОЛ ЖҮРУГЕ МӘЖБҮР

Өзін шағын шаруа қожалығы иесімін деп таныстырған Тоқтасын Бәкімбаев базарлар мен кафелер, өзге де демалыс орындарына өткізіп жатқан мал етін ешкім тексеріп жатпағанын жеткізді. Айтуынша, әр сатылған қой мен сиыр етінің жарамдылығын, сойылған малдың ауырмағандығын дәлелдеу үшін 300 шақырымдағы Алтай қаласынан құжат әкелу керек екен. Ал, дәл қазіргідей сәтте ешкім екі ортада әбігерге түскісі келмейді, әрі күн ыстықта мал еті де бұзылып кетеді.  

«Қатонқарағайда мал көп. Ал қорадағы төрт түліктен жылына екі рет қан алдырып, сараптама жасату керек. Сату үшін де малдың жарамды екенін дәлелдеуіміз керек. Ол үшін біз қазір шалғайдағы Алтай қаласына баруға міндеттіміз. Ветеринар менің малымнан қан алды. Енді ол аудан орталығында бір апта тұрып, содан кейін ғана Алтайдағы зертханаға жетеді екен. Бұл қалай?», - дейді Тоқтасын Шамерұлы.

МЕМЛЕКЕТ МИЛЛИОНДАП ҚАРЖЫ САЛҒАН ВЕТЕРИНАРЛЫҚ ЗЕРТХАНА ҚИРАП ЖАТЫР

Ветеринарлардың айтуынша, Қатонқарағай ауылында мал басы артқандықтан, 2013 жылы ветеринарлық зертхананың құрылысы басталған. Оған мемлекеттік қазынасынан 160 млн теңге ақша жұмсалған. Алайда, ғимарат құрылысы толық аяқталмай, 2015 жылы тоқтап қалған. Осылайша, аяқсыз қалған, мемлекет миллиондап қаржы құйған екі қабатты модульді зертхана қирай бастаған. 

   

«25-30°С ыстық температурада 300 шақырым жердегі Алтай аудандық зертханаға тасымалданып, температуралық режим сақтамай апарылған патологиялық, биологиялық материалдардан қандай нәтиже күтуге болады? Бізде мына Қатонқарағайда ет сататын базар, аудан орталығы Үлкен-Нарында  бірнеше ет дүкені бар. Оның сыртында қымыз, сүт сатылады. Сататын малдың етін 300 шақырым жердегі зертханаға апарып тексертіңдер дейді. Сонда әр сойылған малдың етін ары-бері (600 км – авт.) кім сүйреп жүреді? Қазір екінің бірі малын да, етін де сатып жатып жатыр, бірақ оның қандай екені белгісіз. Оны тексеріп жатқан ешкім жоқ. Арасында ауырған мал да болуы мүмкін ғой. Басшылар бұрынғы зертхана жанынан жаңа ғимарат салды. Кейін «оның ақшасын анау жеп кетті, мынау жеп кетті» деп, жаңа зертхана аяқсыз қалды» - деді өңірдегі мал дәрігерлерінің бірі Аманжан Тоқтағанов.

Қатонқарағайда 12 мыңдай халық тұрады. Ірілі-ұсақты жүзден аса шаруа қожалығы бар екен. Мал басының саны 320 мыңнан асады. Бұл сан төлін есептемегендегі көрсеткіш. Одан бөлек 11 марал шаруашылығы мен теңбіл бұғы бағатын қожалық тағы бар. Сұлу табиғатымен ерекшеленетін өңірде оннан астам демалыс орны, туристер тұрақтайтын жиырмаға жуық қонақ үй жұмыс істейді. 

«Осының бәріне күн сайын мал сойылады. Біз сараптама болмағандықтан, келіп жатқан қонақтарға ауру мал сойып беріп жатұқан жоқпыз ба деп сұраймыз? Сонда аудандағы мал дәрігерлерінің басшылары «соя беріңдер, түк етпейді» дейді. Зертхананы әдейі жаптырған облыстық ветеринарлық сараптама бөлімінің басшылары, олардың Алтай қаласында өз адамдары бар сияқты. Өйткені, малдың қанын сараптамадан өткізгені үшін мемлекеттен қыруар ақша бөлінеді», - деп ішкі күмәнін де білдірді Тоқтасын Бәкімбаев.

САТАЛЫМДАҒЫ МАЛ ЕТІНЕ ЗЕРТХАНАЛЫҚ ТЕКСЕРУ ЖҮРГІЗІЛМЕЙДІ

Осыдан екі айдан астам уақыт бұрын жабылған зертханада былтыр 320 мың зерттеу жүргізіліпті. Үлкен Нарын мен бұрын өз алдына дербес аудан болған Қатонқарағайдағы ветеринарлық зертхананың жабылуын ШҚО әкімдігінен сұрадық. Облыс әкімінің баспасөз хатшысы хаттағы шағым бойынша тексеру жүргізілетінін, ал зертхананың жабылуын Ауыл шаруашылғы министрлігіне сілтеді. Енді редакция жолдаған арнайы сауалға тиісті министрлік жауап бермек.

«Кейбір ауылдық округтерде бруцеллез ауруы өршігендіктен карантин жарияланып, сауықтыру жұмыстары жүргізілген. Пастереллез, қарасан аурулары жиі кездеседі. 2018 жылы Үлкен Нарында сібір жарасы анықталып, 1 адам қайтыс болған. Осындай ауру ошағы бар екенін біле тұра ветеринарлық зертхананы жауып тастау түсініксіз. Қаншама асханалар, балабақша, демалыс орталықтары, ет базарларында өнімдер ешқандай зерттеусіз өткізіліп жатыр. Ал, осындағы зертханада 7-8 адам шаруа қожалықтарының малына да зерттеу жасайтын. Енді сол зерхананы жауып, 7 адамды қысқартқаннан бюджет молаяды екен», - деді шығыстық шаруаларға хабарласқанымызда.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары