$ 525.11  546.74  4.88
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
31.12.2024, 10:14
Қоғам

Қазақстанда азаматтарды «күнәға батырмайтын» тұрғын үй ипотекасы іске қосылады

Бұл ипотека шариғат қағидаларына негізделген

Қазақстанда азаматтарды «күнәға батырмайтын» тұрғын үй ипотекасы іске қосылады
Фото: istockphoto.com

Отбасы банк серіктестерімен бірге 2025 жылы Қазақстанда ислам ипотекасын іске қосуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Астанада Отбасы банк, Қазақстан құрылысшылар одағы және Ислам қаржысы және бизнес қауымдастығы (AIFB) Қазақстандағы ислам қаржы индустриясын дамыту туралы меморандумға қол қойды. Бірінші кезеңде тараптар Қазақстан заңнамасын зерделеу және тиісті өзгерістер енгізу, исламдық қаржыландыру туралы бірлескен оқыту семинарлары мен вебинарлар өткізу, сараптамалық, ақпараттық, талдау және зерттеу жұмыстарын жүргізу бойынша жұмыс істейді.

«Біз сарапшылар тобымен және құрылысшылар қауымдастығымен бір емес бірнеше рет кездесіп, Қазақстанда ислам ипотекасына сұраныс жоғары екеніне көз жеткіздік. Діни ұстанымдағы азаматтарымызға ақшаны өсімге алуға болмайды. Бірақ оларға да жеке баспана қажет. Біз бір қоғамбыз және мемлекетпіз, бізде діни сенім бостандығы бар және сенімі баспана мәселесін шешуге мүмкіндік бермейтін қазақстандықтарға қолдау көрсетуіміз керек. 2025 жылы біз алдымызға ислам ипотекасын іске қосу бойынша жұмысты бастау міндетін қойдық», - деді «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

Ол тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы заңда ислам ипотекасы қарастырылмағанын айтты.

«Алайда заңнамалық бастамалар заңда «ислам терезесі» деп аталатын жеке бөлім дайындауға және ислам ипотекасын алу үдерісін сипаттауға көмектеседі», - деп санайды Ибрагимова.

Шариғат қағидаларына негізделген ислам ипотекасында негізгі қарызға пайыз қосылмайды. Сондықтан алдағы уақытта Отбасы банк тұрғын үй құрылыс жинағы арқылы ислам қағидаты бойынша баспананы қалай сатып алуға болатынын қарастырады.

Сонымен қатар, Отбасы банк CSQlaw Kazakhstan Branch-пен де меморандум бекітті. Бұл малайзиялық компанияның Қазақстандағы филиалы. Ынтымақтастық аясында компания Отбасы банк қызметкерлері үшін шариғатқа сай қаржылық құқық негіздері мен исламдық қаржыландыру туралы кешенді оқыту ұйымдастырады.

«Бұл банк қызметкерлерінің ислам қаржысы саласындағы кәсіби білімін арттырып, тәжірибесін кеңейтеді. Сонда банктің жаңа клиенттері ислам талаптарына сай сапалы қызмет алып, баспана мәселесін шеше алады», - деп атап өтті Отбасы банк.

Серіктес жаңалықтары