Мемлекеттік бағдарламамен үй алмақшы болған елордалық алаяқтың құрбаны болды
Тергеу барысында күдіктінің осыған ұқсас басқа да заңсыз әрекеттерге қатысы бар екені анықталды

Елорда тұрғыны мемлекеттік бағдарламамен баспаналы болуға көмектесемін деген алаяқтың сөзіне сеніп, 2 миллион теңгеден астам қаржысынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Қуанышты хабар күтемін деп үміттенген жәбірленуші ақырында армандаған үйіне қол жеткізе алмай, құқық қорғау органдарына жүгінуге мәжбүр болды.
«Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке басын анықтады. Қылмыскердің 35 жастағы әйел екені белгілі болды. Ол тұрғын үй алуға көмек беремін деп, азаматтардың сеніміне кіріп, материалдық шығын келтірген. Күдікті өз кінәсін толық мойындады», - делінген хабарламада.
Алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында күдіктінің осыған ұқсас басқа да заңсыз әрекеттерге қатысы бар екені анықталды. Қазіргі таңда полиция қызметкерлері күдіктінің барлық байланыстарын анықтап, қосымша деректерді тексеруді жалғастыруда.