$ 523.86  544.34  5.11
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 07:40
Қоғам

Ақтаудағы жекеменшік мектептің мұғалімдері жалақыларын ала алмай жүр

Педагогтер Маңғыстау облысының прокуратурасына және Ақтау қаласының еңбек инспекциясына шағым түсірген

Ақтаудағы жекеменшік мектептің мұғалімдері жалақыларын ала алмай жүр
Видеодан алынған кадр

Ақтаудағы «Gasyr Lyceum» жекеменшік мектебінің мұғалімдері екі айдан бері жалақылары ала алмай келеді. Сонымен қатар жұмыс беруші алты айдан астам уақыт бойы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына зейнетақы жарналары мен міндетті медициналық сақтандыруға төлемдер аудармаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz сайтына сілтеме жасап.

Мектеп мұғалімдері бейнежазба түсіріп, онда жалақының екі айдан бері төленбей жатқанын мәлімдеді. Лицей басшылығына жасаған барлық өтініштері тек бос уәдемен аяқталатынын айтты.

«Біз, «Gasyr Lyceum» ЖШС қызметкерлері, еңбек заңнамасы мен біздің және мекеме арасындағы еңбек шартында көрсетілген талаптардың бұзылуына алаңдаушылық білдіреміз. Екі айдан бері жалақымыз төленбей келеді. Сонымен қатар 2024 жылдың тамыз айынан бастап жұмыс беруші БЖЗҚ-ға зейнетақы жарналары мен міндетті медициналық сақтандыруға төлемдер аудармай отыр. Бұл біздің әлеуметтік кепілдіктерімізді бұзуда. Ұстаздар күні мен басқа да мерекелерге уәде етілген сыйақылар төленбеді. Бұл кешігулер біздің қаржылық тұрақтылығымызға үлкен зиян тигізіп, тараптар қол қойған еңбек шартының талаптарына қайшы келеді», – дейді ұстаздар.

Мұғалімдердің айтуынша, олар Маңғыстау облысының прокуратурасына және Ақтау қаласының еңбек инспекциясына шағым түсірген. Алайда, әзірге билік өкілдері мен лицей басшылығынан ешқандай нәтиже немесе жауап алынбаған.

«Лицей қаржылық қиындықтарға тап болса да, бұл жағдай оны қызметкерлерге жалақы төлеу міндетінен босатпайды. Жұмыс беруші ата-аналардың төлемдері мен дотацияларды қоса алғанда, қолжетімді қаражатты қызметкерлер алдындағы қарызды өтеу үшін пайдалануға міндетті. Егер қаражаттың мақсатсыз жұмсалғаны анықталса, бұл тексеріс жүргізуге және жауапкершілікке тартуға себеп болуы мүмкін», – дейді мұғалімдер.

Педагогтар лицей басшылығынан жалақы бойынша берешекті өтеуді және оны толық көлемде төлеуді талап етеді. Сондай-ақ зейнетақы жарналары мен міндетті медициналық сақтандыру төлемдерін уақытылы аударуды сұрайды. Олар төлемдердің кешігу себептерін түсіндіріп, оны жою жоспарын нақтылауды талап етуде.

Редакцияның сұрағына жауап берген Білім басқармасы мектептің қаржыландырылуы тікелей Оқу-ағарту министрлігі жанындағы Қаржы орталығы арқылы жүзеге асырылатынын хабарлады.

Серіктес жаңалықтары