$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
29.11.2024, 17:30
Қоғам

Қосшы қаласының тұрғындары өрт қауіпсіздік ережелерімен танысты

Жыл басынан бері еліміз бойынша 913 рет өрт шыққан екен

Қосшы қаласының тұрғындары өрт қауіпсіздік ережелерімен танысты
Фото: istockphoto.com

Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаменті Қосшы қаласында 2 мыңға жуық тұрғынға өрт қауіпсіздігі ережелерінің нормаларын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жер үйлердегі өрттің алдын алу мақсатында Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, қалалық әкімдік қызметкерлері, қалалық Жастар ресурстық орталығының мамандары, полиция қызметкерлері, сондай-ақ волонтерлар Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылының аумағында 2 мыңға жуық тұрғын үйдің тұрғындарына өрт қауіпсіздігі ережелерінің нормалары мен талаптарын түсіндіре отырып, профилактика жүргізді. Сондай-ақ, әлеуметтік тұрғыдан осал тұрғындардың үйлеріне улы газды анықтайтын 56 қондырғы орнатып берді.

Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, күн суытқаннан бері елімізде 913 өрт тіркелген. Одан 41 адам қаза тауып, 28 адам жарақат алған.

Осы ретте Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға жылыту маусымы кезінде барынша қауіпсіздік тәртіптерін сақтауға кеңес береді. Тұрғын үйлерде пештерді орнату кезіндегі өрт қауіпсіздігі нормалары мен қағидаларының міндетті талаптары мынадай:

  • Пеш пен мұржаның жай-күйін үнемі тексеріңіз, анықталған ақауларды уақытылы жойыңыз. Оларды керосинмен, бензинмен жəне басқа да тез тұтанатын сұйықтықтармен тазаламаңыз;
  • Пеш пен мұржадағы тесіктерді бітеп, сылап, ағартыңыз. Пешті қатты қыздырмаңыз, оның жанына диван, үстел, отын немесе басқа да тез жанатын нәрселер қоймаңыз;
  • Айына кемінде 1 рет мұржаны тазалап тұрыңыз.
  • Егер алда-жалда өрт шықса, мына әрекеттерге бару керек:
  • Төтенше оқиға туралы өртке қарсы қызметке немесе 101 нөмеріне дереу хабар беру ;
  • Көршілерге хабар беру;
  • Адамдарды үй-жайлардан эвакуациялау;
  • Алғашқы өрт сөндіру құралдарын пайдалану;
  • Өрт сөндіру бөлімдері мамандарын қарсы алу;
  • Зардап шеккендер болған жағдайда жедел медициналық көмек қызметін шақыру.

Бұдан бөлек улы газдан қалай қорғану талаптарын үнемі қаперде ұстап жүрген дұрыс. Құлағыңыз бітіп, басыңыз ауырып, айналса, жалпы әлсіздік, жүрек айну пайда болса – үйіңізге улы газ тарады деген қауіп болуы мүмкін.

 «Пеш пен газдан шығатын улы түтін көзге көрінбейді, иісі жоқ, сіз оны еш сезе алмайсыз. Ауадағы СО шоғырлануы 0,1%-дан артық болса бір сағат ішінде өлімге әкеп соқтырады», - дейді құтқарушы мамандар.

Сондықтан құтқарушылар сақтық және қауіпсіздік шараларын барынша ұстану өзіңнің және жақындарының өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға қажетті бірден-бір алғышарт екенін айтады.

Өртті болдырмас үшін мынадай тәртіптерді қатаң ұстаныңыз:

  • Жатын орында темекі шекпеңіз, темекі тұқылдарын балконнан лақтырмаңыздар;
  • Көп қуатты электр құралдарын бір тоқ көзіне бір уақытта қоспаңыздар;
  • Зақымданған электр сымдар жүйесін пайдаланбаңыздар;
  • Пештегі тамақты қараусыз қалдырмаңыздар;
  • Балалардың отпен ойнауына жол бермеңіздер;
  • Жанар-жағар майды от тұтатуға пайдаланбаңыздар;
  • Жанып жатқан пеш пен электр жылыту құралдарын қараусыз қалдырмаңыздар;
  • Үйден шығарда газ жəне электр құралдарын өшіріңіздер.
Серіктес жаңалықтары