$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.11.2024, 16:10
Қоғам

Резиденттер мұңы, ауыл дәрігерлеріне жетпеген 8,5 млн теңге: «AMANAT» партиясы жанындағы кеңесте не айтылды

Болашақ дәрігерлерді еңбек жолын мемлекеттік сектордан бастауға міндеттеу туралы да ұсыныс болды

Резиденттер мұңы, ауыл дәрігерлеріне жетпеген 8,5 млн теңге: «AMANAT» партиясы жанындағы кеңесте не айтылды
Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Бүгін «AMANAT» партиясы жанындағы білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Парламент Мәжілісінің депутаты, кеңес төрағасы Жұлдыз Сүлейменованың төрағалығымен өткен жиында «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында ауылдағы денсаулық сақтау мекемелерінің жай-күйі және проблемалары, халыққа медициналық қызмет көрсету, соның ішінде білікті кадрлармен қамтамасыз ету, жас дәрігерлерге көтерме жәрдемақыны арттыру мәселелері, медициналық ғылым мен білімді дамыту жолдары туралы сөз қозғалды.  

Ауыл медицинасының жайы

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, қазір ауыл халқының саны 7,7 миллион адамнан асады, бұл жалпы халық санының 38 пайызы. Соның ішінде балалар – 37%, ересектер – 63%. Ауыл тұрғындарына 5 мыңнан астам медициналық нысан, соның ішінде 2 мыңнан аса медициналық пункт, 855 фельдшерлік-акушерлік пункт, 1 мыңға тарта дәрігерлік амбулатория, 170 емхана және 184 аурухана медициналық көмек көрсетеді.

Осы орайда Сұлтанғазиев ауыл тұрғындары жиі шалдығатын ауру түрлерін атады.

«Ауыл халқының денсаулығына жүргізілген талдауға қарасақ, ауыл тұрғындары қан айналымы жүйесі ауруларына жиі шалдығады. 2024 жылғы сегіз айда 100 мың адамға шаққанда 2495,00, тыныс алу органдары аурулары – 100 мың адамға шаққанда 16302,50, қатерлі ісікпен ауыру – 173,8. Жалпы өлім-жітім құрылымында осы аурулардан болатын өлім көрсеткіші тиісінше жоғары», - дейді вице-министр.

Оның айтуынша, ауылдағы медицина ұйымдарында қазір 52 мың маман еңбек етеді. Олардың 11 мыңнан астамы – дәрігер, 41 мыңға жуығы – орта медицина персоналы. 2021 жылдан бері ақхалаттылармен қамтамасыз ету деңгейі 1,7%-ға артқан. Дегенмен ауылдарда әлі 1 122 медицина қызметкері жетіспейді.

Сондай-ақ, ол президенттің тапсырмасымен іске асырылып жатқан «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасына тоқталды. Жоба аясында 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын салу жоспарланған, ал былтыр 99 нысанның құрылысы аяқталған.

«2024 жылы 556 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанының құрылысы жоспарланған, соның 549-ы республикалық бюджет, Ұлттық қор және Үкімет резерві есебінен жүзеге асырылып жатыр. Қалған жетеуі – жергілікті бюджет қаражаты, жеке инвестициялар және «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасы есебінен. 551 нысан бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарына келісімшарттар бекітіліп қойды. Сонымен қатар, 32 көпбейінді аудандық аурухананы жаңғырту көзделіп отыр. Бұл жоба өңірлерде, әсіресе ауылды жерлерде медициналық қызметтердің қолжетімділігін жақсартуға бағытталған», - деп сендірді министрдің бірінші орынбасары.

Резиденттердің жағдайы неге мүшкіл?

Сұрақ-жауап барысында Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова резидентурада оқитын жас дәрігерлердің мұңын жеткізді. Оның айтуынша, қазір резиденттер медициналық ұйымдарда тегін жұмыс істеуге мәжбүр, ай сайынғы шәкіртақысы тым аз.

«Біз бұған дейін резидентурада оқитындардың құқықтық жағдайы, әлеуметтік-экономикалық статусы туралы мәселе көтердік. Тіпті депутаттық сауал да жолдаған едік. Шынын айтқанда, сол мәселе сол күйі шешілмей қалды. Жалпы резидентура мәселесі, жастардың ауруханаға барып жұмыс істеуі бүгінде кадрлық мәселеге тосқауыл болып тұр деп айтуға болады. Резиденттердің алатын стипендиясы өте төмен, жұмыс істеуге қақысы жоқ. Біз осы жиынға Еңбек министрлігін неге шақырып отырмыз? Бұл мәселені біз бәрібір шешуіміз қажет. Түбінде бұл стратегияны қайта қарау қажет», - дейді депутат.

Тимур Сұлтанғазиев резиденттер бойынша үлкен проблема бар екенін айтты. Дегенмен, вице-министрдің айтуынша, қазір барлық медициналық ұйым резиденттерді штатқа жұмысқа алуға құқылы.

«Жалпы резидентура бойынша біз екі жыл бұрын өзгеріс енгізген едік. Қазір барлық медициналық ұйым резиденттерді жұмысқа дәрігер-резидент ретінде штатқа алуға құқылы. Яғни стипендиядан бөлек, медициналық ұйымдар жалақы төлей алады. Біздің бұйрықта бұл мәселе реттелген», - деп сендірді ол.

Алайда депутат Жұлдыз Сүлейменова бұйрық орындалмай жатқанын алға тартып, заңнамалық норма енгізуді ұсынды.

«Бүгінгі таңда резиденттердің жағдайы өте мүшкіл. Біз оны мойындауымыз керек. Олар не дәрігердің қатарында емес, не студенттің қатарында емес, түсініксіз. Алатын стипендиясы өте төмен. Он бір жыл көз майын тамызып, өз өмірін дәрігерлікке арнап жүрген жап-жас балалар ғой. Резидентурада оқып жүріп, дәрігерлікке барғаннан кейін, барлығының дерлік дәрігер боламын деген мақсаты кетіп қалады. Сол себепті бұл мәселе Еңбек кодексінде реттелуі тиіс және бас дәрігер оларға кәдімгі маман ретінде қарап, оның құқықтарының бұзылуына қатысты нақты шаралар қабылданатындай  нормалар қажет. Ол нормалар заңда көрініс таппайынша, бұл мәселе шешілмейді. Сондықтан біз сіздерден тиісті ұсыныстар күтеміз», - деді республикалық кеңес төрағасы.

Ауыл дәрігерлеріне 8,5 миллион теңге төлемей отырған облыстар бар

Ал отырысқа шақырылған Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова вице-министрге ауыл дәрігерлеріне берілетін 8,5 миллион теңге көтерме жәрдемақы туралы сұрақ қойды.

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы бойынша заң жобасын қараған кезде ауылға жұмыс істеуге баратын дәрігерлерге 100 еселенген ең төменгі жалақы мөлшерінде көтерме жәрдемақы беру туралы норманы бекіткен едік. Қазір оның мөлшері 8,5 миллион теңге, болашақта ол өсе береді. Біздің сайлауалды бағдарламамызға сәйкес, биыл қанша дәрігер ауылда жұмысқа тұрып, 8,5 миллион теңге жәрдемақы алды?» - деп сұрады ол.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев заң бойынша көтерме жәрдемақы тағайындау мәселесі жергілікті атқарушы органдарға жүктелгенін атап өтті. Министрлік қай облыстар қаражат бөлгеніне мониторинг жүргізеді.

«Қазір 17 облыстың 11-і көтерме жәрдемақы төлеуге қажетті қаражатты мәслихаттарынан өткізген. Қалған 6-ауы әлі өткізген жоқ. Олар - Абай, Ақмола, Алматы, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары. Осы облыстар 8,5 миллион теңгені берген де жоқ, мәслихатқа енгізген де жоқ. Қалған 11 өңір мәслихатқа енгізіп, жартысы төлеп жатыр, жартысы енді төлей бастады. Яғни бұл жерде заңды орындау мәселесі туындап тұр», - деп мәлімдеді Сұлтанғазиев.

Сингапур тәжірибесі дәрігер тапшылығын шешуге көмектесе ме?

Кеңес отырысына қатысқан «Астана медицина университетінің» ректоры Қамалжан Надыров мемлекеттік ұйымдардағы дәрігер тапшылығын шешу үшін Сингапур тәжірибесін зерттеп көруді ұсынды. Оның айтуынша, Сингапурде университет бітірген жас дәрігер мемлекеттік секторда белгілі бір уақыт жұмыс істеген соң ғана жекеменшік ұйымға ауыса алады.

«Қазір медицина кадрларының тапшылығы, әсіресе пандемиядан соң бүкіл әлемде, тіпті ең дамыған Германияда, Еуроодақтың өзінде байқалады. Бұл үлкен жаһандық проблема. Кадр тапшылығына келгенде маған халықаралық тәжірибе өте қызық. Мысалы, Сингапурде медицина университетін тәмамдаған студент, мейлі ол тегін, не ақылы оқысын, жекеменшік секторға кетпей тұрып, белгілі бір жыл мемлекеттік секторда жұмыс істеуі міндетті болады. Оны бақылайтын, бағыт-бағдар беретін куратор болады, жас маман ауруханада жұмыс істеп, белгілі бір кезеңдерден өтеді. Тек осыдан кейін ғана оған жекеменшік секторға ауысуға рұқсат беріледі», - дейді ол.

Надыровтың айтуынша, бұл тәжірибе бірден екі проблеманы шешуге мүмкіндік береді.

«Біріншіден, біз жекеменшік секторға қандай маман жіберіп жатқанымызды біліп отырамыз. Өкінішке қарай, қазір мұндай бақылау жоқ. Медицина университетін бітіре салып, кеңсе жалдап, қаптаған сертификаттарды іліп, маркетологтарды тартып, пациент қабылдай береді. Медициналық көмек сапасы ылғи да талапқа сай келе бермейді. Екіншіден, біз мемлекеттік сектордағы кадр тапшылығы мәселесін шешеміз. Қазір біз нарыққа жеткілікті маман шығарып жатырмыз. Бізде тапшылық – мемлекеттік секторда ғана. Сол себепті осындай халықаралық тәжірибені, нақ осы Сингапурдың тәжірибесін зерттеп көруге болады», - дейді ректор.

Серіктес жаңалықтары