$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.11.2024, 10:15
Қоғам

«Асқар Забикулинмен бірге жұмыс істедім»: қосшылық өрт сөндіруші қызметінің қызығы мен қиындығы туралы айтты

Олжастың өрт сөндіру саласында істеп жүргеніне он жылдан асқан

«Асқар Забикулинмен бірге жұмыс істедім»: қосшылық өрт сөндіруші қызметінің қызығы мен қиындығы туралы айтты
Фото: istockphoto.com

Отыз бес жастағы Олжас Кеңесжан әлемдегі ең қиын мамандықтардың бірін меңгерген. Ол - білектің күшін ғана емес, жүректің батылдығын қажет ететін өрт сөндіруші. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қытымыр аязында да, күндіз де, түнде де адамдарды құтқару үшін отқа да, суға да түсетін құтқарушы. Саналы ғұмырын осы салаға арнап келе жатқан Олжас Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында өрт сөндіру қызметіне қалай келгенін, жұмыстың қиындығы мен қызығы туралы айтып берді.

«Өрт сөндіруші болуды армандаған емеспін»

Олжас Кеңесжанның өрт сөндіруші болып істеп жүргеніне он жылдан асқан. Еңбек жолын Астанадағы мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде бастаған ол биыл Қосшы қаласына бөлімше командирі қызметіне ауысыпты. Айтуынша, өрт сөндіруші болу балалық арманы емес, бұл салаға кездейсоқ келген.

«Бала кезімде өрт сөндіруші болғым келеді деп ешқашан армандамаппын. Арманым мықты спортшы болу еді. Бірақ әскерге барып, Отан алдындағы борышымды өтеген соң, әскери өмірге қызыға бастадым. Өмірдің өзі мені өрт сөндіру қызметіне алып келді. Жұмысым өзіме ұнайды, адамдарға пайдаң тиеді, көптің ыстық ықыласы мен шынайы ризашылығына бөленесің. Алғысы бар жұмыс деп айтар едім. Өз мамандығын жақсы көргендер ғана осы жерде қалады», - деп әңгімесін бастады ол.

Осы орайда Олжас Кеңесжан өрт сөндіруге алғаш рет шыққан кезін еске алды. Бөлімшеге өрт туралы хабар түскенде Олжас әріптестерімен бірге ұйықтап жатқан.

Фото: Олжас Кеңесжанның жеке архивінен
Фото: Олжас Кеңесжанның жеке архивінен

«Ең алғаш өрт сөндіруге шыққан кезім әлі есімнен кетпейді. Бір жатақхана жанып жатыр, біз ұйықтап қалыппыз. Қызметке енді тұрған кезіміз, жаспыз. Түн ортасында командиріміз «тұрыңдар, тұрыңдар» деп бәрімізді оятып жүр. Сол сәт қатты есімде қалыпты. Сол оқиғадан кейін қалың ұйқыны ұмыттық, әр жатқан сайын шақырту түсіп қалмай ма екен деп алаңдап жатасың, ұйқыға тартпайды», - деп күлді құтқарушы.

Өрт сөндірушілер ауысымдық кестемен жұмыс істейді. Бір тәулік бойғы кезекшіліктен кейін үш күн демалады. Егер демалыста жүргенде алапат өрт шығып, өрт сөндірушілер жетіспей жатса, әріптестеріне көмекке келеді. Ал ауысымға шығар алдында бөлімше басшылығы оларды мазаламауға тырысады екен.

Құтқарушы үшін ең қиыны не

Олжастың айтуынша, бір ғана Қосшының өзінде кейде бір күнде үш-төрт қоңырау түсіп жатады.

«Қорқынышты сәт әркез болады. Кез келген өртті сөндіруге барғанда, бойыңды қорқыныш билейді. Ал ең қиыны – биік үйлерден адам құтқару. Астана қаласында көпқабатты үйлер көп қой, қызыл жалын шарпыған кезде жиырма-жиырма екінші қабаттардан тұрғындарды алып шығу – қиындау. Физикалық дайындықтан бөлек, психологиялық тұрғыдан дайын болуың қажет. Көбіне жұмысқа енді кіріскен жастар биіктен, оттан қорқақтайды. Бізде жылу-түтін камерасы деген бар. Былайша айтқанда, өрт кезіндегі жағдайды имитациялайтын арнайы оқу-жаттығу кешені. Жаңа қызметкерлерді шыңдап, жоғары температураға үйрету үшін осы камераға кіргізіп, әртүрлі жаттығуларды орындатамыз. Бұдан бөлек, міндетті түрде психологтармен жұмыс істейміз», - деп түсіндірді маман.

Осы ретте бөлімше командирі кадр тапшылығы мәселесін қозғады. Айтуынша, Қосшы қаласының өрт сөндіру бөліміне әлі жиырма шақты құтқарушы қажет. Қазір бір ауысымға 12-13 адам түседі екен. Жастар арасында қызығушылық жоқ емес, бар.

«Біріншіден, өрт сөндіру бөлімінің қарапайым жауынгері атану үшін физикалық дайындық талап етіледі. Екіншіден, адам психологиялық тұрғыдан мықты болуы керек. Себебі өрт сөндіру оңай шаруа емес, қандай қиындықпен бетпе-бет келетініңді білмейсің. Өрт сөндіруші болу екінің бірінің қолынан келеді деп айта алмаймын. Кей күндері бір шақыртудан келе жатып, су-су киіммен басқа бір өртке жүгіретін сәттер болады. Мұның бәріне төзімділік, шыдамдылық қажет. Біз жұмысқа жаңа орналасқан азаматтарды арнайы дайындап, тағылымдамадан өткіземіз. Бір ай мерзімге Көкшетау қаласына оқуға жібереміз. Қалғанын жұмыс барысында үйренеді, күнделікті орындайтын нормативтер, жаттығуларымыз бар», - дейді Олжас Кеңесжан.

Өрт сөндірушілерге қандай жағдай жасалған

Он үш жыл еңбек өтілі бар Олжас Кеңесжан соңғы жылдары мемлекет тарапынан өрт сөндірушілерге айтарлықтай көңіл бөлініп жатқанын айтады. Мәселен, осыдан он жыл бұрын оның айлығы небәрі жиырма тоғыз мың теңгені құраса, қазір он бір есе өсіп, үш жүз мың теңгеге жеткен.

«2013 жылы қызметке тұрған кезде еңбекақымыз жиырма тоғыз мың теңге ғана болатын. Араға төрт жыл салып, 65-67 мың теңгеге дейін көтерілді. Сол жылдары жалақының аздығынан көбісі өрт сөндіру қызметін тастап кеткен. Ал қазір, Құдайға шүкір, президентіміздің ерекше көңіл бөлуінің нәтижесінде өрт сөндірушілердің әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді. Мысалы, мен қазір бөлімше командирі ретінде 325 мың теңге айлық аламын. Жалақыдан бөлек, әскери қызметшілер сияқты өрт сөндірушілерге де пәтер беру мәселесін қарастырып жатыр. Балаларымызды балабақшаларға кезексіз кіргізе аламыз. Өрт сөндірушілер қатарына жаңадан қосылған құтқарушылар үш ай тағылымдамадан өтеді. Сол кезде оларға 120-130 мың теңге төленеді. Ал бұйрық шыққан соң, еңбекақылары 180-190 мың теңгеге дейін барады. Еңбек өтіліне қарай көтеріле береді», - дейді құтқарушы.

Оның айтуынша, кадрдан бөлек, өрт сөндіру бөлімінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға да ерекше ден қойылып жатыр. Қосшы қаласындағы ескі техникалардың барлығын қазір 2023 жылғы жаңа техникалар алмастырған.

«Асқар Забикулинмен бірге істедім»

Осыдан тура екі жыл бұрын Астанада бір өрт сөндірушінің өмірін жалмаған көпқабатты тұрғын үйдегі өрт көпшіліктің есінде. Өрт сөндіруші Асқар Забикулин 12-қабаттағы терезеден құтқару арқаны арқылы 11-қабатқа жанып жатқан пәтердің терезесінен түскен. Қызыл жалынға оранған пәтерде адамдар болған. Барлығы аман-есен құтқарылды, алайда өрт сөндіруші Асқар Забикулин денесінің 80 пайызын күйік шалып, жансақтау бөліміне түсті. Дәрігерлер оның өмірі үшін бірнеше күн күрескен еді, алайда құтқарушы сол қалпы оңалмастан, аурухана төсегінде мәңгілік сапарына аттанып кетті. Марқұмның артында жары мен кішкентай екі қызы қалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін Төтенше жағдайлар министрлігі Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі жедел кезекшісінің көмекшісі Асқар Забикулин I дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Ержүрек өрт сөндірушінің есімін мәңгі есте сақтау мақсатында Астана қаласындағы көшелердің біріне Асқар Забикулиннің есімі берілді. Бұған қоса №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі енді Асқар Забикулиннің атымен аталады, бөлім аумағында өрт сөндірушіге ескерткіш те орнатылды. Осы бөлімде марқұм өзі қызмет еткен. Сондай-ақ, Астанадағы Үркер шағын ауданындағы көшелердің біріне Асқар Забикулиннің есімі берілді. Сол сияқты өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің өмірі мен ерлігін арқау еткен «Қаһарман» сериалы түсірілді. Сериалдың әр бөлімінде құтқарушының өміріндегі ең маңызды сәттер баяндалады.

Олжас Кеңесжан №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде Асқар Забикулинмен төрт жылдай бірге істеген екен.

«Асқар Забикулинмен төрт жарым жыл бір бөлімшеде жұмыс істедік. Бір нанды бөле жеген жандармыз. Бірге талай өртке де шықтық. Оның қазасы бәрімізге ауыр тиді. Қаралы оқиға болған күні біз кезекшіліктен шығып, үйге кеткенбіз. Асқар ауысымға кіріскен... Қазір әріптесіміздің отбасымен хал-жағдай сұрасып, араласып тұрамыз. Артында екі кішкентай қызы қалды ғой. Мереке күндері бөлімшенің атынан сыйлық апарып, балалардың көңілін аулап, қуантуға тырысамыз», - дейді Олжас.

Бөлімше командиріне қандай міндет жүктеледі?

Олжас Кеңесжан бөлімше командирі ретінде қарамағындағы өрт сөндірушілердің дабыл қағылған сәтте оқиға орнына аман-есен барып, аман оралуына жауап береді.

«Өрт кезіндегі қауіпсіздікке мен жауап беремін. Өртті сөндіруге шыққанда тілсіз жауды ауыздықтау үшін қалай әрекет ету керегін айтып, нұсқау беру – менің міндетім. Қазір қол астымда алты өрт сөндіруші жұмыс істейді, көбісі – жастар. Солардың қауіпсіздігіне мен жауаптымын. Бөлімше командирі болу – жауапкершілігі мол жұмыс», - дейді құтқарушы.

Осы орайда ол тұрғындарға өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша біраз ақыл-кеңес берді.

«Жер үйде тұратындар қыс мезгіліне күні бұрын дайындалып, пештерін, мұржаларын тазаласа, ал жарық өшіп қалған уақытта қоса тұру үшін аккумулятор, генератор сатып алса екен деймін. Көпқабатты үйдің тұрғындарына бірнеше техниканы – шәйнек, тоңазытқыш, қысқа толқынды пешті бір розеткаға қоспауға кеңес беремін. Телефонды түнде қуаттағышқа қосып қалдырмау қажет, жалпы ұйықтар алдында бәрін қуаттан ажыратып тастаған абзал», - дейді маман.

Сонымен қатар, Олжас өрт сөндірушілер арасындағы қызықты дәстүрлер мен ырымдар туралы да айтты. Мәселен, кезекті бір өрттен бөлімшеге оралғаннан кейін олар ауысым соңына дейін аяқ киімдерін қатты тазаламауға тырысады екен. Әйтпесе шақырту көп түсуі мүмкін. Жұмысқа енді кірген өрт сөндірушіні су шашып қарсы алып, ал зейнетке шыққан құтқарушыны суға шомылдырып шығарып салатын дәстүрі де бар.  

«Бала-шағаммен күнде таңертең қоштасып шығамын»

Олжас Кеңесжан жарымен бір қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Жұбайы қазір үшінші сәбиін күтіп жүр.

«Ұлым ержеткенде мен сияқты өрт сөндіруші болуды армандайды. Мен істейтін бөлімге бірге еріп барады, мамандығыма осы бастан қызығады. Жалпы, өз басым қарсы емеспін, алғысы көп жұмыс қой», - дейді ол.

Айтуынша, жақындары Олжастың жұмысына түсіністікпен қарайды.

«Жұбайым құтқарушының жұмысы ауыр екенін әу бастан біледі. Балаларыма да үнемі түсіндіріп айтып отырамын. Таңертең жұмысқа кетіп, кешке келмей қалуымыз мүмкін. Сол үшін күнде таңертең бір кесе шайымызды ішкен соң, үйден шығарда бәрінің бетінен сүйіп, қоштасып шығамын. Жұмысымыз сондай ғой енді», - дейді өрт сөндіруші.

Серіктес жаңалықтары