Жаңаөзенде әлеуметтік желіде ұлтаралық алауыздықты қоздырған тұрғын сотталды
Сондай-ақ оған жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тарту міндеті жүктелді
Жаңаөзен қалалық сотында әлеуметтік және ұлттық алауыздықты қоздыру бойынша айыпталған жергілікті тұрғынға қатысты қылмыстық іс қаралып, сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Сот отырысында анықталғандай, Д. 2024 жылғы 16 сәуірде «TikTok» әлеуметтік желісінде қоғамда әлеуметтік және ұлттық алауыздықты қоздыруға себеп болатын бейнежазба жариялаған.
Прокурор айыпталушыны кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығын шектеуді, жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартуды және 10 жылға белгілі бір қызметтермен айналысу құқығынан айыруды сұрады.
«Сотталушының кінәсі куәлардың жауаптары мен психологиялық-филологиялық сараптама қорытындылары арқылы дәлелденді. Кінәні жеңілдететін жағдай ретінде айыпталушының асырауындағы кішкентай балаларының болуы есепке алынды, ал ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ. Нәтижесінде сот Д.-ны кінәлі деп тауып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу және белгілі бір қызметтермен айналысу құқығынан 3 жылға айыру туралы үкім шығарды. Сондай-ақ жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тарту міндеті жүктелді», - делінген хабарламада.