Атырауда 3 мыңнан астам тұрғын бір жылдан бері ауыз сусыз отыр
Тұрғын үй 2021 жылы пайдалануға берілген
Атыраудағы «New city» тұрғын үй кешенінің үш мыңға жуық тұрғыны бір жылдан бері ауыз су тапшылығын сезініп отыр. Мәселе шешілмей жатқанда, соңғы күндері жағдай одан әрі ушығып, су мүлдем тоқтатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy azh.kz сайтына сілтеме жасап.
Кешен тұрғындары жергілікті биліктен мәселені тез арада шешуді талап етті. «New city» тұрғыны Фариза Кариеваның айтуынша, балаларын жуындырып, тұрмыстық қажеттіліктерді өтеу қиынға соғып отыр.
«Мен көпбалалы анамын. Балалар жуынуы керек, дәретхана да проблема. Таңертең жұмысқа жиналғанда су жоқ, түсте келеміз – су жоқ, кешке қайтамыз – бәрі сол қалпы. Бүкіл суды сатып алуға мәжбүрміз», – дейді Фариза Кариева.
Тұрғын үй 2021 жылы пайдалануға берілген. Бірақ ондағы үш құрылғының екеуі жұмыс істемейді, ал жалғыз қалған су құрылғысы қысымға шыдамай жиі бұзылып жатыр.
Әкімдіктің айтуынша, сорғының істен шығуына жер асты суларының көтерілуі себеп болған. Қазіргі таңда тек бір сорғы жұмыс істеп тұр. Жағдайды жақсарту үшін арнайы гидроударды болдырмау құрылғылары орнатылмақ.
«Екі сорғы қалпына келтірілді, бірақ орнату кезінде қайтадан бұзылды. Қазір біз қалада екі арнайы блок тауып, оларды орнатуға дайындалып жатырмыз», – деді қалалық құрылыс басқармасының басшысы Нұрболат Бүлеков.