Таразда 50 жастағы әйелден 15 кг миома алынды
Мамандардың айтуынша, мұндай үлкен миомалар сирек кездеседі

Таразда дәрігерлер операция кезінде 50 жастағы әйелден 15 кг салмақтағы миома алып шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үш жыл бұрын миома диагнозы қойылған әйел дәрігерге баруға батылы жетпей жүрген. Соның салдарынан оның денсаулығы нашарлап, Тараз қалалық көпсалалы ауруханасына жүгінуге мәжбүр болған. Дәрігерлер әйелге операция жасап, 15 кг миоманы сәтті алып тастады.
Операцияны гинекология бөлімінің тәжірибелі хирургтары жүргізді. Миома алынып тасталғаннан кейін науқастың жағдайы едәуір жақсарды. Әйел дәрігерлерге алғысын білдіріп, ауруды ертерек емдетпегеніне өкініш білдірді.
Мамандардың айтуынша, мұндай үлкен миомалар сирек кездеседі. Отадан кейін ісік гистологиялық зерттеуге жіберілді.
Айта кетейік, миома — бұл жатырдың бұлшықет қабатында пайда болатын қатерсіз ісік, көбіне бала туу жасындағы әйелдерде кездеседі. Статистика бойынша, әйелдердің 40%-ы осы аурудан зардап шегеді.