$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.10.2024, 22:33
Қоғам

Ақтөбеде қыз жасауына жиһаз алмақ болған бір топ тұрғын алданып қалған

Тәртіп сақшылары оларға қатысты ірі көлемді алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық іс қозғаған

Ақтөбеде қыз жасауына жиһаз алмақ болған бір топ тұрғын алданып қалған
Фото: qizjasau.wordpress.com

Ақтөбеде қыз жасауына жатын бөлме жиһазын алмақ болған бір топ тұрғын алданып қалды. Тауар ақшасын алдын ала алған апалы-інілі қос кәсіпкер төсек-орынды апаратын күні хабарсыз кеткен. Сан соғып қалғандар енді полицияға арыз түсіріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

 «Қызымның ұзату тойына дейін жеткізіп беремін деген. Тойы да өтті, жиһаз жоқ. Біздің санымыз 22-ден асты. Қолма-қол ақша төлеген адам бар, кредит рәсімдеген адам да бар. Күні-бүгінге дейін не ақша, не жиһаз ала алмай жүрміз», - дейді ақтөбелік Жанат Жұмашева.

 Ақтөбедегі бір ғана полиция бөлімшесіне «Аслан» деп аталатын кәсіпорынға қатысты 22 арыз түскен дейді. Басқа бөлімшелерге де осы жиһаз салонына қатысты арызданғандар бар. Тіпті көршілес Қызылорда мен Оралдан да тұрғындар шағымданыпты. Бәрі де ұзатылатын қызының төсек-орнына қажет жиһазға тапсырыс берген. Ең азы 600 мың теңгеден бастап миллионға дейін санап берген. Жиһаз салонына келгендерден әпкелі-інілі екеу ақшаны алдын ала қолма-қол алады. Ал ұзатылған қыздың төсек-орнын жеткізетін күні жоқ болып, кейін «қоймамызды су басып кетті» деп ақталған көрінеді.

Тәртіп сақшылары оларға қатысты ірі көлемді алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық іс қозғаған. Бірақ бірер күн бұрын тергеу шарасын тоқтата тұруға тура келіпті. Мұны естіген жәбірленушілер олар жазадан сытылып кететін болды деп күмәнданған. Алайда полиция басқармасы бастығының өзі оларды сабырға шақырып отыр. Яғни көрші елге жолдаған сұрау салудың жауабы келген бойда, кәсіпкерге қатысты тергеу жалғасады деп сендірді.

 «Күдікті тұлға бар. Біз тергеу органы болғандықтан, күдіктінің айтқан уәжін тексеруге міндеттіміз. Ресейден алып тапсырыс бердім, соны ары қарай біздің азаматтарға беремін, соңғы кезде қиын жағдай болғандықтан, Ресейден жиһаздар келмей қалды деп отыр. Өзі айтқан кәсіркерлерді тексеріп жатырмыз», - деді Ақтөбе ПД бастығы Әсет Қалиев.

Серіктес жаңалықтары