$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.10.2024, 17:40
Қоғам

Адамдарды құтқарып, олардан «рахмет» деген жылы сөз есту біз үшін үлкен абырой - құтқарушы

Бұл ауыр салада Қосшы қаласының нәзік жандылары да еңбек етеді 

Адамдарды құтқарып, олардан «рахмет» деген жылы сөз есту біз үшін үлкен абырой - құтқарушы
Фото: Қосшы қаласының әкімдігі

19 қазан – құтқарушылар күні. Бұл мереке 1995 жылдан бері тойланып келеді. Өрт сөндірушінің мамандығы – әлемдегі ең күрделі мамандықтардың бірі. Қалың түтінде қорғану, жүгіру, секіру, ауыр заттарды көтеру, сатыға түсіп-шығу аса қиын жұмыстардың бірі. Бұдан да аса қиыны және ең маңыздысы - әр сәтте біреудің өмірін сақтап қалу үшін өз өмірін қатерге тігуге дайын болу. Құтқарушылар шаршаудың не екенін, «мүмкін емес» деген сөзді білмейді. Кез-келген уақытта, кез-келген ауа райында, ыстық пен суықта өзінің жеке көңіл-күйіне қарамастан адамдарды қиын жағдайдан құтқару үшін отқа да, суға да түседі. Құтқарушылар өте мейірімді әрі аса жауапты адамдар. Аса қадірлі маман иелерінің мерекесі қарсаңында Azattyq Rýhy тілшісі Қосшы қаласындағы №35 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне барып, бөлімнің тыныс-тіршілігін өз көзімен көріп қатты.

Өрт шықса, болмаса, үйдің есігі ашылмай қалса, бұдан бөлек түрлі келеңсіз оқиғалар туындаса ең бірінші қоңырау Қосшы қаласындағы №35 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне түседі. Арнайы тұтқада отырған кезекші оқиға болған орынды анықтап, құтқарушыларды жылдам бағыттайды. Дәл осындай оқиғалар құтқару мекемесінде күнделікті болатын үйреншікті жағдайлардың бірі.

Таңғы сағат 07:00-ден аса Қосшы қаласындағы №35 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің диспетчеріне бір адамның өзіне суицид жасамақ болып жатқаны туралы қоңыру түсті. Сол мезетте бөлім құтқарушылар оқиға орнына жетті.

«Біздегі жұмыстың белгілі бір нормасы жоқ. Біздің қызметкерлер аптаның жеті күнінде 24 сағат бойы байланыста болып, өз жұмыстарын атқарады. Өзіңіз білесіз, қандай да бір жағдайлар туғанда 101 немесе 112 нөмерлеріне қоңырау түседі, сол кезде біздің мамандар үнемі дайын отырады. Бүгін таңертең сағат 7:22-де қоңырау түсті. Қосшыда жұбайымен жанжалдасқан ер адам өзін-өзі өлтіремін деп қорқыта бастаған. Ол жергілікті кафелердің біріне қамалып алып, өзін өртеп жібермек болған. Бірінші көрпеге от қойған. Полиция қызметімен бірге барған біздің мамандар есікті ашып, түтінге уланып қала жаздаған адамды таза ауаға шығарып, құтқарып қалды. Абырой болғанда бұл оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ. Жалпы, мұны не үшін айтып отырмын? Себебі, біз бір сағаттан кейін, тіпті, бір минуттан кейін қандай оқиға болатынын білмейміз, болжай алмаймыз.  Кез келген уақытта аяқ астынан бірдеме болып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан біз 24/7 тәртібінде жұмыс істеуге дағдыланғанбыз. Біздің негізгі ұстанымыз – ең бірінші адамның өмірі мен денсаулығын, одан қала берсе дүние-мүлкін барынша сақтап қалу», - дейді Қосшы қаласы №35 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы Тұрарбек Апакаев.

Астанаға іргелес орналасқан Қосшы өте жылдам дамып келе жатқан бірегей қала. Өткен жылы  1-желтоқсанда Қосшыда алғашқы  өрт сөндіру бөлімі ашылды. Бұған қоса заманауи құрылғылармен жабдықталған өрт сөндіру депосы салынып жатыр. Бұл құрылыс жақын уақытта пайдаға беріледі.

«Қосшы қала болмай тұрған кезде мұнда өрт сөндіру қызметі мүлде болмаған еді.  Ол кезде Целиноград ауданы, Қабанбай ауылы немесе Астанадағы өрт сөндіру бөлімдерінен көмек келетін еді. Өткен жылы  1 желтоқсанда Қосшыда өрт сөндіру бөлімі ашылды. Оның себебі түсінікті қала аумағы күн санап үлкейіп, онда тұратын адамдар саны жылдам өсіп жатыр. Сондықтан іргелес жатқан аумақтан өрт сөндіру қызметін шақырту уақыт жағынан немесе оқиға орнына жылдам жету жағынан бірқатар қиыншылық тудырды. Бүгінде біздің бөлімде елуден аса қызметкер жұмыс істейді. Барлық тиісті құрал-жабдықтармен қамтылғанбыз. Атап айтсам, біздің бөлімде бес тонналық су жіберетін автоцистерна бар. Ол цистерна секундтына қырық литр су жіберуге қауқарлы.  Екі автотехникамыз және жоғары қабаттағы үйлерден өрт шыққан кезде қажет болатын автобаспалдақ бар. Қазір қаламызда көпқабатты үйлер көптеп салынап жатыр. Бұл құрылғылар біздің жұмысымызды жеңілдетуге көп мүмкіндік ашады. Өрт сөндіру мамандығын көп адам таңдай бермейді. Себебі, жұмысы қиын, жалақысы аздау... Сондықтан да бұл салаға тек үлкен жүректі адамдар ғана келеді. Менің ойымша, құтқарушыларда материалдық құндылық адами құндылықтан жоғары тұрады. Олар өз ісін сүйеді және оны шын көңілмен атқарады. Төтенше жағдайлар кезінде, оттың ортасында немесе басқа да қиын жағдайлардың ішінде қалып қойған адамдарды құтқарып, олардан «рахмет» деген жылы сөз есту біз үшін үлкен абырой, құрмет.  Мен сөзімнің басында айттым ғой, біз үшін адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау – ең бірінші орында тұратын міндет. Құтқарушылар үшін әрбір секунд қымбат», - деп толықтырды Қосшы қаласы №35 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы.

Құтқарушы болып жұмыс істейтін адамдар әдетте ер жүректі, төзімді, қиын жағдайға физикалық  және психологиялық тұрғыдан дайын болады, сонымен қатар теориялық білімі мен өртпен күресуде практикалық дағдыларды жан-жақты меңгерген болу тиіс. Бұл бағытта Қосшыдағы өрт сөндіру бөлімінде жұмыстар жүйелі жүреді. Жалпы қандай да бір құтқару бойынша қоңыраулар түспеген уақытта бөлімнің қалыпты жұмысы таңғы сағат 08:00-де басталады. Сағат сегізде келген қызметкер сағат 08:30-ға дейін өздерінің техникалық құралдарын тексеріп, жұмысты қабылдап алады. Сосын сағат 09:00-ден бастап өрт немесе басқа да төтенше жағдайлар бола қалған кезде жылдам ден қою бойынша тиісті жаттығулардан өтеді. Күн сайын қызметкерлердің төтенше оқиғаға жылдам ден қоюы, қауіпсіздік шараларын қатаң ұстану, адам өмірі мен денсаулығын сақтау, психологиялық-физикалық жағынан мықты болу бағыттарында тиісті жаттығулар жасайды. Бұл күнделікті өткізілетін шаралардың тек бір парасы десек болады. Бұдан басқа бөлім мамандары қысы-жазы тұрғындар арасында төтенше жағдайды алдын алу үшін өртті болдырмау, сақтық шараларын жасау үшін профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

«Қазақта «сақтансаң сақтаймын» деген жақсы сөз бар. Біз тек оқыс оқиға болған кезде ғана көмекке келмейміз. Бізде онша қатты көріне бермейтін бір жұмыс – ол профилактикалық жұмыс. Халық арасына шығып, үй-үйді аралап, қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша жадынама таратамыз. Өкінішке қарай, көп адамдар қауіпсіздік шараларына мән бермей жатады. «Қыстың қамын жаз ойла» дейді, сол сияқты көп адам жазғы уақытта пештерінің мұржаларын күйеден тазаламай, сосын суық түскенде пеш жаққанда түтін сыртқа шықпай ішке кіріп, түрлі қайғылы оқиғалар болатынын білесіз. Осы бағытта біздің мамандар күз бен қыс айларында  жер үйлерді аралап, тиісті түсіндіру шараларын жүргізеді. Ал жазғы уақытта ағын су айдындарына барып, демалушыларға суда сақ болу керек екенін, тек рұқсаты бар жерлерде шомылу керегін және тағы да басқа түрлі сақтық шараларын айтып, түсіндіреміз», - дейді Тұрарбек Апакаев.

Серіктес жаңалықтары