Құлағы естімейтін такси жүргізушісін мазақ қылған блогерді полиция шақырып алды (ВИДЕО)
Ол кінәсін мойындап, өкінетінін айтқан

Құлағы естімейтін такси жүргізушісін мазақтап, видео түсірген блогерді полиция бөлімшесіне алып кетті. Оған түсіндіру жұмысы жүргізілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Әлеуметтік желілерде 15 қазан күні блогердің мылқау такси жүргізушісіне құрметсіздік танытқан бейнежазбасы таралды. Алмалы аудандық полиция Басқармасының қызметкерлері бейнежазба авторының жеке басын анықтап, оны полиция бөлімшесіне жеткізді. Қыз балаға қатысты түсіндіру және алдын алу әңгімесі жүргізілді, оның мақсаты – мұндай әрекеттердің қайталануына жол бермеу. Ол өз кінәсін мойындап, өкінетінін білдірді», - делінген хабарламада.
Еске салайық, Нұрила Аманбаева такси жүргізушісін рұқсатсыз камераға түсірген. Кішкентай баласына шулауға рұқсат беріп, өлең айтқан. Видеоға «құлағы нашар еститін таксиге отырғанда» деген жазба қалдырған. Әлеуметтік желі қолданушыларының сын-ескертпелерінен кейін блогер бейнематериалды өшіріп, кешірім сұраған.
Полиция әлеуметтік желі қолданушыларын жариялайтын контентке жауапкершілікпен қарап, қоғамдағы этика, мораль және өзара құрмет қағидаларын сақтауға шақырды.