$ 514.94  583.74  6.13
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
16.10.2024, 17:51
Қоғам

Депутат Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының келісімшарттарына ревизия жүргізуді ұсынды

Оның айтуынша, құжат біржақты сипатқа ие

Депутат Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының келісімшарттарына ревизия жүргізуді ұсынды
Фото: freepik.com

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Гүлдара Нұрымова премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова жолдаған депутаттық сауалында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының келісімшарттарын заңдылық тұрғысынан тексеруді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында медициналық көмектің сапасын арттыруға көп көңіл бөлінгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұған денсаулық сақтау жүйесінің барлық институты арасындағы сындарлы серіктестік өзара іс-қимылсыз қол жеткізу мүмкін емес.

«Медициналық ұйымдар мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арасындағы қазіргі қарым-қатынасқа қарасақ, ұйымдардың мақсаттары әртүрлі деген ойға келесің. Даудың бәрі  медициналық ұйымдар үшін тиімсіз шарттар қамтылған келісімшарттан басталады», - дейді Нұрымова.

Оның айтуынша, біріншіден, құжат біржақты сипатқа ие және жеткізуші тарапынан түзетілмейді.

Екіншіден, жеткізушіге 40, ал тапсырыс берушіге небәрі 6 міндет жүктелген. 2022 жылы 5 позиция бойынша тұрақсыздық айыбы есептелсе, ал биыл 25 позицияға жеткен.

Үшіншіден, жеткізушінің төлем алуға қақысы бар, бірақ Қордың орындалған жұмыстар актісіне келіспейтінін білдіруге құқысы жоқ.

Төртіншіден, Қор қызметі келісімшарттық міндеттемелерге мониторинг жасаумен шектелмейді, оларға медициналық көмектің сапасын сараптау функциясы да жүктелген. Бірақ сараптама тәуелсіз сарапшыларды, бейінді мамандарды тарту арқылы жүргізілуі керек.

Бесіншіден, келісімшарттарда жеткізушіге төлем жасау бойынша нақты мерзім көрсетілмейді, бұл Азаматтық кодекстің 685-бабына қайшы келеді. Сол себепті Қор осы тармақ бойынша өз міндеттемелерін орындамай жүре береді, төлемді 3-4 айдан соң бір-ақ аударады.

«Ал биыл төлем тіпті маусым айынан бастап жасалған. Бұл дегеніміз - ауруханаларды күтіп-ұстау, еңбек ұжымдарының жалақысы, бүкіл қызметтің жұмысын қамтамасыз ету. Жалпы жеткізушілерге бухгалтерлік есеп жүргізу, есептілік, айыппұл санкциялары бөлігінде өте қатаң талаптар қойылған. Әйтсе де Жоғары аудиторлық палатаның мемлекеттік аудиті қордың өзі бухгалтерлік есепті ҚР заңнамасымен бекітілген тәртіпте жүргізбегенін көрсетті. Қор ішіндегі жазалау жүйесі де медициналық ұйымдарға қарағанда жұмсақтау. Мәселен, ЖАП анықтаған өрескел заңбұзушылықтарға қарамастан, басқарушы қызметтегі барлық қызметкер 1-2 айға сөгіс алып, жеңіл жазамен құтылған. Ал басшының орынбасарлары ірі қалалардағы өңірлік филиалдардың директоры болып тағайындалған», - дейді депутат.

Сонымен қатар, оның айтуынша, күні бүгінге дейін ақпараттық жүйелерге тиісті интеграция жасалмаған. «е-Densaulyq» дайын емес, бастапқы мерзім бірінші тоқсанға белгіленсе, кейін осы жылдың үшінші тоқсанына ауыстырылған, ал енді тіпті 2025 жылға шегеріліп отыр.

«Мұндай әдістер ашықтық пен өнімді ынтымақтастықты қамтамасыз етпейді. Медициналық ұйымдар қордың қаражатына тәуелді, осындай тиімсіз шарттарға көнеді, бірақ бұдан медициналық қызметтер сапалырақ және қолжетімдірек бола түспейді. Осыған байланысты Қор келісімшарттарына заңдылық тұрғысынан ревизиция жасауды, Қорда тез арада бухгалтерлік есеп жүргізуді, жыл соңына дейін ақпараттық жүйелердің интеграциясын қамтамасыз етуді ұсынамыз», - деді Нұрымова. 

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#депутат #Amanat