Халықтық штаб Атыраудың мұнайшыларымен және іскер әйелдерімен кездесті
Жүздесуде атом энергетикасын дамыту жайлы сөз қозғалды
Бүгін Халықтық штаб Атырау мұнай өңдеу зауыты ұжымымен және Атырау облысының іскер әйелдерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Атырау мұнайшыларымен кездесуде АЭС энергетикалық тәуелсіздікті нығайтуға және еліміздің экономикалық өсуіне ықпалын тигізетіні туралы айтылды.
Халықтық штаб өкілдерінің айтуынша, Қазақстанда атом электр станциясының құрылысы энергетикалық тәуелсіздікті нығайтуға көмектеседі және басқа мемлекеттерге саяси тәуелділікті арттырмайды.
Бұл жобаның ел үшін стратегиялық маңызы бар, Қазақстанның тәуелсіздігін қолдайтын және өзінің энергетикалық ресурстарын дербес басқаруға мүмкіндік беретін сенімді және тұрақты энергиямен қамтамасыз ету.
Сыртқы тәуекелдерді барынша азайту және жоба қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сенімді халықаралық серіктестермен ынтымақтастықтың егжей-тегжейлі тетіктері, сондай-ақ озық технологияларды енгізу қарастырылған. Атом электр станциясын салу туралы шешім барлық ықтимал тәуекелдерді ескере отырып және ел мүддесіне толық сәйкес келетін болады.
Жиын барысында "АМӨЗ" ұжымы референдум, АЭС бойынша толғандырған сауалдарын қойып, мемлекет басшысының бастамасын қолдайтынын жеткізді.
Сондай-ақ Халықтық штаб Атырау облысының іскер әйелдерімен де кездесті. Жиын барысында штаб мүшелері атом энергетикасының әлемдегі ахуалы жайлы айтып өтті. Себебі Еуропа, Ресей мен АҚШ, Қытай елдері атом реакторларын, атом станцияларын салу ісіне білек сыбана кірісіп, келешекте энергия тапшылығының алдын алуға жұмыс істеп жатыр.
Соның бірі – соңғы жылдары халық пен бизнес қатты сезініп отырған энергия тапшылығы мәселесі.
«Бүгін біз елдің одан әрі дамуына әсер ететін барлық маңызды шешім халықпен бірге қабылданып жатқанын көріп отырмыз. Жаңа саяси мәдениеттің мәні осында. Біз барлығымыз бірге жаңартылған Конституция үшін дауыс бердік. Қазір халық қабылдаған шешімнің дұрыс болғанын көріп отырмыз. Бұл жолы да халық өз таңдауын жасап, елімізде АЭС салу-салмау туралы шешім қабылдауы керек», – деді штаб мүшесі, «Қазақстан Халқы партиясының» ардагері Қариполла Наурызалиев.
Ал келешек ұрпаққа қолайлы жағдай жасау мәселесіне тоқталған штаб мүшесі Балжан Досмұхамбетованың айтуынша, болашағын ойлаған елдер АЭС құрылысын бастап кетті.
«Бүгінде электр қуатын тұтыну көлемі артып келеді. Сондықтан болашағын ойлаған елдер атом станциясының құрылысын бастап кетті. Оның ішінде көрші Моңғолия, Өзбекстан секілді мемлекеттер бар. Әрине, әр адамның өз пікірі бар. Дегенмен, бүгінгі күннің миссиясы – атом энергиясын дамыту», - деп санайды ол.
Кездесуде іскер әйелдер атом энергетикасы турасында пікір білдірді.