Атырау облысында 156 сәбидің шетінеп кеткені белгілі болды
Облыста нәресте өлімінің өсуіне әкеп соқтырған бірқатар жүйелі проблемалар анықталған
Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова мәлімдеді. Оның айтуынша, бала өлімі жағынан Атырау облысы республикада көш бастап тұр.
«2019 жылдың 9 айында облыста 1 жасқа дейінгі 156 сәбидің өлімі тіркелген. Оның ішінде 98 бала (62,8%) Облыстық перинаталдық орталықта, қалған 54 бала басқа медициналық ұйымдарда және 4 бала үйде қайтыс болған. Сәби өлімінің негізгі себебі перинаталдық кезеңдегі жағдай, инфекциялық аурулар, туа біткен кемістіктер, жазатайым оқиғалар болып табылады», - деді Л.Бюрабекова.
Өлім-жітімнің айтарлықтай өсуі ағымдағы жылдың тамыз және қыркүйек айларында байқалады. Осыған байланысты, қайтыс болған балалардың 42 медициналық картасына егжей-тегжейлі талдау жүргізілген. Шетінеген балалардың 73,4%-ы шала туғандар.
«Медициналық карталар мен гистологиялық материалдарды талдау тамыз айында Атырау облыстық перинаталдық орталығында санитариялық-эпидемиологиялық режимді сақтауды қамтамасыз етпеу нәтижесінде қыркүйек айында жаңа туған нәрестелерге ауруханаішілік жұқтырудың жалғасып, ауруханаішілік инфекциялардың дамығанын растады. Бұл факт эпидемиологиялық тексеру нәтижелерімен расталады», - деді Л.Бюрабекова.
Оның айтуынша, мәліметтерді өңдеу кезінде облыста нәресте өлімінің өсуіне әкеп соқтырған бірқатар жүйелі проблемалар анықталған. Мәселен, медициналық ұйымдардың инфрақұрылымы тозған, олардың материалдық-техникалық жарақтандырылуы жаңартылмаған және кадрлардың тапшылығы сақталуда.
Бұдан басқа, облыстың медициналық ұйымдарының қызметіне және олардың арасындағы өзара іс-қимылды ұйымдастыруға бақылаудың жеткіліксіздігі анықталған.