Қоғам белсенділері қамаудағы бес жігітке араша сұрады
Олар қытай азаматтарын ұрған қазақстандықтарға тым ауыр айып тағылғанын айтты
Алматы облысында КамаАЗ жүргізушісін соққыға жыққан ҚХР азаматтарының екеуі елімізде заңсыз жұмыс істеген деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Тәуелсіз бақылаушылары» Қоғамдық ұйымының мәлімдемесіне сілтеме жасап.
Қамауда жатқан 5 қазақ жігітіне араша сұрап, Алматыда арнайы баспасөз жиынын өткізген заңгерлер мен қоғамдық ұйым өкілдері тергеу ісінде асыра сілтеу бар деп есептейді. Олар бір қазақ жігітін жабылып соққыға жыққан ҚХР азаматтары тек әкімшілік жазамен құтылып, ал 42 шетелдікпен төбелескен қызылағаштық 5 жігітке ауыр айыптар тағылғанына келіспейтіндіктерін айтты. Олардың үстінен ҚР ҚК 293-бабының 3-тармағы (Бұзақылық), 106-баптың 2-тармағы (ауыр дене жарақатын салу) және 107-баптың 2-бөлімі (орташа ауыр дене жарақатын салу) бойынша іс қозғалған.
«Қытай азаматтарының ауыр дене жарақаттарын алғанына күмәндімін. Ауыр дене жарақатын алған адам 21 күн ауруханада жатып, сот сарапатамалық қортынды шыққан соң ғана белгілі болуы тиіс. Бұл жерде олар бұнша уақыт ем алған жоқ. Сараптама қортындысын алған соң шағым келтірем. Ғалым Нариманұлы деген тергеуші жоғарыдағы баптармен іс қозғап жіберген. Бұл өте ауыр бап. Тергеуші менен қашып жүр, «дежурный» жауап береді. Бес азаматтың ісі бір, онымен осы тергеуші айналысып жатыр», - деді қызылағаштық азаматтардың қорғаушысы Ләззат Ахатова.
Фото: Ләззат Ахатова
Қоғам белсенділері екі ел азаматтарының арасындағы төбелестің шығуына жергілікті полиция мен билік өкілдерінің өз жұмыстарына салғырт қарауы да себеп болды деп санайды. Ырысбек Сәрсенбайдың айтуынша Қытай компанияларында шетелдіктер заңсыз жұмыс істемеген. Және жергілікті жұмысшылардың еңбек құқығы қорғалмаған. Ол жергілікті жұмысшылар 130 мың теңге жалақы алса, дәл сондай жұмыс істеген ҚХР азаматтарының жалақысы бір миллион теңгеге дейін жеткенін айтады. Ал шетелдіктердің жоғары жалақымен жасырын жұмыс істеуі салықтық түсімге де, әлеуметтік теңсіздікке де кері әсерін тигізеді.
«Бұл жерде жемқорлық бар. Қазақты соққыға жыққан үш қытайлықтың екеуі елде заңсыз жүрген. Өз заңымызды өзіміз сыйламай, облыс басшылары өздері заңсыздыққа жол беріп отыр. Қытаймен түрлі жобалар енді ғана басталып жатыр. Егер заңсыз жұмысқа тартудың алдын алмаса соңы жақсылыққа апармайды. Қытай азаматтары бір миллион теңгеге дейін жалақы алады, жергілікті тұрғындар 130 мың теңге ғана алып келген. Өскеменге дейін, Балқаштан Нұр-Сұлтанға дейін қаншама қытайлық компания жұмыс істеп жатыр. Сол жердегі компаниялдарда қанша ҚХР азаматының заңсыз жүргенін тексеру керек», - деді баспасөз жиынының спикері Ырысбек Тоқтасын.
Баспасөз жиынын ұйымдастырған «Тәуелсіз бақылаушылары» қоғамдық ұйымының өкілдері ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жазған ашық хатта төрт түрлі талап қойған. Онда жанжал тудырған, Қазақстанның заңын бұзған мердігер мекемеге қатаң шаралар қолдану, жұмысшылар арасындағы теңсіздікті жою, аталған істе тікелей заңның бұзылуына жол берген мемлекеттік қызметкерлерді жазалау, қақтығыстың туындау себеп-салдарын анықтау және қамаудағы 5 азаматтың ісін жан-жақты, обьективті қарау керектігі жазылған. Олар – Берікбол Ырысалдинов, ағайынды Салқан мен Еркін Сарқыттар, Бейбіт пен Нұрбол Мұхамедәлиндер. Қоғам белсенділері ҚХР жұмысшыларымен төбелескен бұл бес жігітті кепілмен бостандыққа шығарудың жолын қарастырып жатқандықтарын жеткізді.
«Ең негізігі мәселе, бұл жерде мемлекет өз азамататрының мүддесін қорғай алмай отыр. Қазақ билігі қазір инвесторларды құдайындай көреді. Төбесіне тайраңдатып қойды. Қытаймен жасалған келісім-шарттар жабық. Бұл ашық болуы керек. 69 қытай азаматының заңсыз жүруіне кім жол берді? Соны анықтап жазалау керек. Жиі рейд жасау керек. Заңсыз жүрген шетелдіктерді анықтауға қоғам белсенділеріде ат салысу керек. Мына төбелесте қытай азаматтары «періште» болды. Қазақтар – қылымскер. Бұлай болмайды. Мен қамауда жатқан, бір үйдің жалғыз ұлы Берік Ырысалдиновті кепілмен босату үшін атымдағы пәтерім мен көлігімді кепілге қоям», - деді Ырысбек Сәрсенбай.
Фото: Ырысбек Сәрсенбай
Баспасөз жиынын ұйымдастырушылардың айтуынша, қамаудағыларды кепілмен босату үшін әр қайсысына 5,5 млн теңге немесе соған пара пар мүлік болу керек. Ал, Қызылағаш ауылында жұмыссыз, таксимен күн көріп жүрген бес жігіттің бәрінде бұндай ақшада, баспанада жоқ.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы