Израиль, Иран және Ливандағы қазақстандықтар референдум күні дауыс бермейді
Жалпыұлттық референдум 6 қазанда өтеді
Таяу Шығыста жағдай ушыққанына байланысты Израиль, Иран және Ливанда референдум учаскелері қызметін уақытша тоқтатады. Үш елдегі Қазақстан азаматтары 6 қазан күні дауыс бермейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай шешім отандастарымыздың қауіпсіздігі үшін қабылданған.
«Күрделі әскери-саяси жағдайға байланысты, сондай-ақ Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Сыртқы істер министрлігі Орталық референдум комиссиясымен бірлесіп Израиль, Иран және Ливандағы референдум учаскелерінің қызметін уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады», - деді Смадияров Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне қатысты өткен брифингте.
СІМ баспасөз қызметі ұсынған анықтамаға сүйенсек, осы үш елде 6 қазан күні дауыс беруді жоспарлаған азаматтардың саны: Израиль –53 қазақстандық, Иран –132 ҚР азаматы, Ливан – 43 ҚР азаматы.
Естеріңізге салайық, елімізде осы аптаның соңында АЭС салу мәселесі жөнінде жалпыұлттық референдум өтеді.