Түркістан облысында 300-ге жуық елді мекенге әлі газ тартылмаған – депутат
Қайрат Балабиевтің айтуынша, жарты миллионға жуық адам көгілдір отынды күтіп отыр
Түркістан облысында 300-ге тарта елді мекенге газ тартылмаған. Аймақтағы халық үш айдан бері газ баллондарын сүйреп жүр. Бүгін мәжілісте бірінші вице-премьер Роман Склярдың атына депутаттық сауал жолдаған депутат, «AMANAT» фракциясының мүшесі Қайрат Балабиев осы мәселені қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев газ саласын дамыту жөнінде өткен кеңесте «Газ саласы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды орын иеленіп отыр. Адамдар газды жылдан жылға көбірек тұтынуда, бірақ газ өндіру қарқыны оған сай емес. Халықты қолжетімді газбен қамтамасыз ету керек» деп айтқан болатын. Түркістан облысында табиғи газбен қамтылған елді мекендер саны 557-ге жетіп, қамту деңгейі 67,2 пайызды құрайды. Десе де, әлі 300-ге жуық елді мекені осы күнге дейін газбен қамтылмаған», - деді сөз басында ол.
Яғни, депутат атап өткендей, осы 300-ге тарта мекенде тұратын жарты миллиондай жұрт көгілдір отынсыз күнелтіп келеді.
«Үш айдан бергі газ тапшылығы «жығылғанның үстіне жұдырық» болып, газ баллондарын сақырлатып, жұртты бекет жағалатып қойды. Бұған автокөліктері тек газбен жүретіндерді қосыңыз. Ал үш айдан бері не Энергетика министрлігі, не әкімдіктер мәселені шешуге асығар емес. Бір пысықайлар 1000 теңге берсе, бір бак пен баллонды толтырып беріп, 500 теңге қосымша төлесе, жартылай газ құйып беріп, өз қалталарын пұлдап жатыр. Кей жерлерде 70 мың теңгеге талон сатылуда. Қайда барсаң газ жоқ, ал бар жердің жағдайы – жаңағыдай», - дейді депутат.
Балабиевтің айтуынша, осы мәселелер аймақтағы жағдайды ушықтырып жіберген.
«Жалпы, газ жағдайы ушығып барады. Қыс болса – қыр астында. Табиғи көгілдір отынмен қамтамасыз етілмеген ауыл тұрғындары газ баллондарын кәдеге жаратып жүр еді. Ал қазір ол да жоқ. Қалыптасқан жағдайды кім және қашан шешеді?
Облыс халқының 80 пайыздан астамы ауылда тұрады. Олар газ баллондарын күнделікті тұрмыста пайдаланады. Тұтынушыларға баллонмен газ жеткізіп беретін мекемелер қызметін тоқтатқан. Көлігі барлар қалаға сандалса да, газ әкеледі, көлігі жоқтар есек арбамен отын мен тезек теріп от жағып жатыр. Онсыз да жолдары жалаңаштанып, көлеңкелейтін талы жоқ облыста осылайша бұталай берсе, жыңғылдан жыңғыл, сексеуілден сексеуіл қалмас. Президент күні кеше жасыл аймақ, ну орманды көбейтуді тапсырды емес пе?!», - дейді депутат.
Осы ретте ол заң бойынша газ баллондарын ресми рұқсаты бар ұйымдар ғана газға толтырып бере алады. Бұндай ұйымдар сондай-ақ газ құйылған баллондардың техникалық жарамдылығын тексеруге, оларға тауар белгісімен таңба қоюға және сапа кепілдік картасын беруге, баллон қондырғыларына апаттық және жоспарлы техникалық қызмет көрсетуге міндетті.
«Осы орайда, Сізден, құрметті Роман Васильевич, құзыретті органдарға:
Түркістан облысының газдалмаған елді мекендердің 450 мың халқының тұрмыстық қажеттіліктерін өтеу үшін және заңда көзделген қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау, өрт пен жарылыстың алдын алу мақсатында газ баллондарды аккредиттелген мекемелерде сұйық газбен толтыру;
оларды тұтынушыларға жеткізу мақсатында:
- арнайы жабдықталған автокөліктер қызметін жандандыру бойынша тиісті іс-шаралар қабылдау;
- өңірлердегі газ тапшылығын шұғыл шешу;
- Автогаз бекеттеріне тексеру тағайындау;
- тек газбен жүретін көліктерді газбен қамтамасыз
ету бойынша тапсырмалар беруіңізді сұраймын», - деді депутаттық сауалын жариялаған Қайрат Балабиев.