Жамбыл облысының Жарлысуындағы билік «ауылда су бар» деген жалған мақала жазғызған
Бұл мәліметті депутат депутат Гүлдара Нұрымова жария етті
Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Жарлысу ауылының билігі ауылда су жоқ екеніне қарамастан, жергілікті басылымға «су бар» деген жалған материал жаздырған. Бұл туралы бүгін вице-премьер Роман Склярдың атына депутаттық сауал жолдаған мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Гүлдара Нұрымова мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, осы ауданға қарасты Қылышбай ауылының халқы фильтрдің арқасында күнелтіп жүрген. Ең сорақысы, аудандағы ауыз су мәселесі бес жылдан бері шешілмей келеді.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін барлық елді-мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша тапсырма берген болатын. Алайда, бүгінгі таңда, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Абай, Қарағанды және Жамбыл облыстарында ел бойынша ауыз сумен қамтудың ең төмен деңгейі тіркелді. Бұдан өзге, елімізде 121 ауылда мемлекет басшысының осы тапсырмасы орындалмай қалуы мүмкін, оның ішінде 51 ауыл бойынша тіпті жобалық-сметалық құжат жоқ. Осы тізімге кірмеген, есепке алынбаған тағы ауылдар бар. Олар - ақиқатын айтсақ, қағаз жүзінде ауыз су бар, ал іс жүзінде жоқ елді мекендер болып отыр. Мемлекеттің қазынасынан бөлінген қаржы желге ұшып жатыр», - дейді депутат.
Бұл ретте Нұрымова Жамбыл облысының сусыз отырған елді мекендері бойынша қолда бар мәліметтерін жария етті.
«Мысалы, Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданындағы Жарлысу, Мойынқұм ауданындағы Қылышбай елді мекендерінде ауыз су мәселесі шегіне жетіп тұр. Қылышбай ауылындағы жағдай фильтр орнату арқылы жарым-жартылай шешілген болса, ал Жарлысу ауылын ауыз сумен қамту әлі де шешімін таппай отыр. Халықпен кездескен кезде, ауыл тұрғындары осы сұрақты бірнеше мәрте көтерді, 5 жыл бойы шешімін таппай келе жатқан мәселеге наразылық білдірді. 2020 жылы су құрылыстарын жүргізген жауапты мердігер компания өз жұмыстарын толық атқармаған, соның салдарынан, ауыз су жоқ. Ал, 2021 жылдың сәуірінде жергілікті басылымда шыққан мақалада ауыз судың халыққа жеткені және сумен қамтамасыз ету жұмыстарының сәтті өткені туралы хабарланған. Сұмдық жағдай. Бұл – нағыз көзбояушылық, жауапсыздық», - дейді депутат.
Нұрымованың айтуынша, ауыл тұрғындары көптеген кемшіліктерді анықтап тиісті органдарға жеткізген. Бірақ, нәтиже жоқ.
«Сонда республикалық бюджеттен бөлінген 414 млн теңге, облыстық бюджеттен бөлінген 80 млн теңге, одан өзге, жобалық сметалық құжаттарға, экспертизаға, геологиялық жұмыстарға бөлінген қаржының іздеу-сұрауы жоқ па?», - дейді Нұрымова.
Ауыз су мәселесін қозғаған депутат Роман Склярға дәл осындай жағдайға тап болып отырған ауылдарды анықтау керек деді.
«Осыған орай, Сізден аталған жағдайды жеке бақылауыңызға алып, тиісті тексерісті өткізіп, осыған жол бергендерді жауапқа тартып, тағы осындай жағдайдағы ауылдарды анықтап,жобалық сметалық құжаты жоқ 51 ауыл бойынша жұмыстарды тез арада атқарып, ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз етуді қағаз жүзінде емес іс жүзінде шешуіңізді сұраймын», - деді Нұрымова.