$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.05.2020, 18:29
Қоғам

Тоқаев ұсынған «5-10-20» жаңа тұрғын үй бағдарламасының шарттары белгілі болды

Президент ұсынған жаңа тұрғын үй бағдарламасы алдағы жарты жылдықта жүзеге асады

Тоқаев ұсынған «5-10-20» жаңа тұрғын үй бағдарламасының шарттары белгілі болды

Тұрғын үйге несие беру бағдарламасының талаптары мен шарттарын Үкімет алдағы екі аптада бекітетін болады. Жаңадан іске қосылатын баспана бағдарламасының басты шарттары туралы «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова айтып берді.

Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұқбатында банк жетекшісі бюджеттен қарастырылған 390 млрд теңгенің 210 млрд теңгесін «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» игеретінін айтты. Бұл қаржыға  баспанасы жоқ бюджеттік мекеме қызметкерлері үй алады. Ал, қалған 180 млрд теңге облыс әкімдіктеріне үлестірілмек. Банкирдің айтуынша, бұл қаражатқа аймақтарда аталған бағдарлама үшін жыл соңына дейін жаңа баспаналар салынады.

«Президент 11 мамырда «5-10-20» деп аталатын тұрғын үй бағдарламасын іске асыруды тапсырды. Біз оны алдағы жарты жылдықта жүзеге асыруға тырысамыз. Біріншіден, бұл бағдарламаға үй кезегінде тұрғандар ілінеді. Олардың саны 2020 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 540 мың адам. Одан соң мемлекеттік қызметкерлер, әскерилер және бюджеттік сала мамандары. Олардың саны 212 мың адам. Толық емес отбасылар, көп балалы отбасылар және мүгедек бала тәрбиелеп отырған балалар да осы бағдараламаға қатыса алады», - деді Ләззат Ибрагимова.

Банк басшысының айтуынша, соңғы үш категория бойынша үй кезегіндегілерді «Бақытты отбасы» бағдарламасы қамтып келеді. Сондықтан «5-10-20» бағдарламасында дәрігерлер, мұғалімдер және бюджеттік саланың өзге барлық қызметкерлері қамтылатынын айтады.

Бағдарламаға қатысушы жаңа салынған үйлерден пәтер сатып алу үшін жергілікті әкімдіктің арнайы бағамен салған үйлерін таңдайды. Оның шаршы метрінің бағасы Нұр-Сұлтан қаласында 240 мың теңгеден, Алматы қаласында 220 мың теңгеден, Атырау мен Ақтауда 200 мың теңгеден, ал өзге аймақтардың барлығында 160 мың теңгеден аспауы керек.

«Алайда мұндай көпқабатты үйлер, яғни әкімдік салған үйлер арнайы аудандарда, қаладан қашық жерлдерде орналасуы мүмкін. Сондықтан жеке құрылыс компанияларынан да сатып алуға мүмкіндік беріледі. Жеке құрылыс кәсіпорны салған пәтер құнының  қанша болатыны талқыланып жатыр. Қазір бұл сомма шамамен 18 млн теңгеден аспауы керек деп отырмыз. Бұл Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалаларындағы баға. Ал өзге аймақтарда шамамен 15 млн теңге болатын шығар. Айта кету керек, жаңа тұрғын үй бағдарламасының шарттарын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. Ол «Нұрлы жер» бағдарламасының бір тарауы ретінде жүзеге асатын болады», - дейді ТҮҚЖБ басқарма басшысы.

Банк жетекшісінің айтуынша, «5-10-20» тұрғын үй бағдарламасының шарттары мен өзге де параметрлері алдағы екі аптада қабылдануы тиіс. Десе де оның негізгі шарттары төменгідей болатынын еске салады. 

  • Азаматтың өзінің басында баспана болмауы керек.
  • Азамат баспана кезегінде тұруы шарт;
  • ТҮҚЖБ-дегі депозитіңізде пәтер құнының 10 пайызы көлемінде жинақ болуы тиіс;  
  • Тұтынушының несие алған мерзімінде берешек 5 пайыз үстемақымен өтеледі;
  • Қарызды қайтару уақыты 20 жылға дейін есептеледі;

«Коммерциялық банктерге қарағанда төлем қабылетіңізді растаудың жеңілдетілген формасы қарастырылады. Отбасы мүшелерінің шығынына мейілінше төмен сомма есепелетін болады. Сондықтан жалақысы 150-180 мың теңге аралығындағы азаматтардың осы бағдарламамен баспаналы болуға мүмкіндігі бар», - деді Ләззат Ибрагимова.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт кеше Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында тұрғын үй кезегінде тұрғандар үшін «7-20-25» бағдарламасына ұқсас «5-10-20» атты жаңа жоба жүзеге асатынын мәлімдеді.

Сонымен бірге, ол Үкіметке жыл соңына дейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде «үй бөлуді, тағайындауды және есеп жүргізуді» қамтамасыз ететін «Отбасы банк» атты даму мен қолдау институтын құруға тапсырма берді. Азаматтарға зейнетақы қорындағы жиналған ақшаларының бір бөлігін пайдалану мәселесі бойынша шешім қабылдану керектігін айтты.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары