Алматы облысында мұғалімдер пітір садақаны мешітке емес, мектепке жинап жатыр
Имам-молдалар мұның дұрыс емес екенін айтты
Алматы облысына қарасты Талғар ауданы Еламан ауылының №41 орта мектебінің ұстаздары ауылда мешіт болмағандықтан, пітір-садақаны мектепке жинап жатыр. Ұстаздардың WhatsApp-чатында тараған аудио-жазбадан белгілі болғандай, әр мұғалім өз қалтасынан шамамен 1000 теңгеден шығарған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
АУЫЛДА МЕШІТ ТЕ, ПІТІР САДАҚАНЫ ЖИНАЙТЫН АДАМ ДА ЖОҚ
Редакция тілшісі аталған мектептің мұғалімдерімен телефон арқылы сөйлескен болатын. Аты-жөндерін жарияламауды сұраған ұстаздар ақшаның расымен де жиналып жатқанын айтты. Бірақ ешкім мәжбүрлемепті. Ал жиналған қаражат мектептегі жағдайы төмен оқушылардың отбасына азық-түлік алуға жұмсалады деді олар.
«Kaspi банк қосымшасы арқылы төленетін пітір садақаның қайда жұмсалатынын білмейміз ғой. Сол себепті мұғалімдер өзара ақылдаса келе, мектебіміздегі әлеуметтік аз қамтылған оқушылардың отбасына азық-түлік таратайық деген шешімге келдік. Карантин жағдайында әкесі де, анасы да жұмысынан айрылып қалған оқушылар бар. Бір шетінен, соларға аз да болса көмегімізді көрсетсек дегенбіз. Ақшаны әркім өз шама-шарқынша беріп жатыр. Нақты бір белгіленген сома жоқ», - деді ұстаздардың бірі.
Бізбен әңгімелескен екінші ұстаз болса әр мұғалім шамамен 1000 теңгеден өткізіп жатқанын мәлімдеді. Одан бөлек, сауапты іске үлес қосқысы келетін ауыл тұрғындары да пітір садақаларын мешітке емес, мектепке өткізіп жатқан көрінеді.
«Пітір садақаны біз өз еркімізбен беріп жатырмыз. Мақсатымыз – жағдайы нашар отбасыларға азық-түлік үлестіріп, көмек көрсету. Мен өз сыныбымдағы көмекке зәру оқушыны білемін ғой, солардың тізімін басшылыққа апарып беремін. Біздің ауылымызда мешіт те, одан қалса пітір садақаны жинайтын адам да жоқ. Сондықтан біз мұғалімдер өзіміз осылай шештік. Көршілерімнің арасында «жағдайы төмен отбасы бар ма, соларға көмек берсем деп едім» деп сұрап жатқандар да бар. Мен солардың да ақшасын жинап, апарып беремін. Осы уақытқа дейін өзім үш отбасының ақшасын жинап, өткіздім. Жиналған ақшаға жеткенінше азық-түлік алып, мұқтаж жандарға таратудамыз», - деді ауыл ұстазы.
ПІТІР САДАҚАНЫ МЕКТЕП АТЫНАН БЕРУГЕ БОЛМАЙДЫ – ИМАМ
Аталған мектептің тағы бір ұстазына хабарласқанымызда, ол кісі пітір садақаның жиналып жатқанын жоққа шығарып, аталған ақпаратты журналистерге айтқан әріптестеріне ашуланды. Ал №41 орта мектептің директоры Жанаргүл Күнсалықова «Пітір садақадан түскен ақшаны мешіт имамына апарып бердік» деп отыр.
«Ақша жинауды мектептің кәсіподағы бастаған, мен оларға қосылған жоқпын. Жиналған ақшаны мешіттің имамына апарып бердік. Қанша ақша жиналғанынан хабарым жоқ. Қашықтан оқыту басталғанда жағдайы жоқ оқушыларға өзім 40 мың теңгеге wi-fi орнатып бердім. Бізде әлеуметтік жағдайы нашар 198 оқушы бар. Олар 68 отбасының балалары», - деді №41 орта мектеп директоры Жанаргүл Күнсақалова.
Айта кететіні, Еламан ауылында мешіт жоқ болғанымен, іргесінде жатқан Жалғамыс ауылындағы құлшылық үйі қос ауылға ортақ болып саналып кеткен. Аталған мешіттің имамы пітір садақаның мешітке емес, мектепке жиналуына мүлдем дұрыс еместігін айтты.
«Мектептен жаңа ғана хабарласып, маған келіп жолықты. 60 мың теңгені қолма-қол әкеліп, қалған сомасын банк карточкасы арқылы аударамыз деді. Мен ақшаны алмадым. Себебі, оны №41 мектептің пітір садақасы деп ала алмаймын, ол әр адамның атынан беріледі. Сондықтан садақаны кім берді, сол адамдардың тізімін жасап әкеліңдер дедім. Олар енді тізім жасап әкелуге кетті. Жалпы, пітір садақа ретінде басқа ұйымдар ақша жинаса, ол бір қорға жиналған қаражат болып саналады. Яғни пітір садақа емес, қайырымдылық шарасы сияқты есептеліп кетеді. Пітір садақа діни ұйымдарға ғана беріледі», - деді көршілес Жалғамыс ауылдық мешітінің имамы Серғали Сейітбаттал.
Алматы орталық мешітінің бас имамы Еркінбек Шоқай да пітір садақаны жинау тек Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының құзыретіне берілгенін айтты.
«Пітір садақа жағдайы жоқ отбасыларға, сонымен қатар, Алланың жолында жүрген адамдарға беріледі. Яғни, осы дін жолында қызмет істеп жүрген азаматтарға беріледі. Ал пітір садақаны жинау құзыреті қазір ҚМДБ берілген. Басқа ұйымдардың айналысуына рұқсат етілмейді», - деді Алматы қаласы орталық мешітінің бас имамы.
2020 ЖЫЛҒЫ ПІТІР САДАҚАНЫҢ МӨЛШЕРІ ҚАНДАЙ?
ҚМБД-ның төралқа мәжілісінің шешімімен, биыл бір адамға берілетін пітір садақа мөлшері – 370 теңге деп бекітілді. Пітір садақаның құны 2 келі ұнның республика бойынша нарықтық орташа бағасымен шығарылды. Материалдық жағдайы бар азаматтар пітір садақаны мейіз немесе құрманың құнымен берсе болады. Өз қажеттілігін қоспағанда6 мал-мүлкі, дүниесі, күміс-нисабына жеткен, яғни 127 мың теңгесі бар адам өзі және жанұясы үшін пітір садақа беруге міндетт3.
Сондай-ақ, карантин жағдайына байланысты мобильді қосымшада онлайн жүйе арқылы садақа беруге болады. Рамазан айында берілетін зекетті «Каспий банк», «Халық банкі» және «Qiwi» мобильді қосымшалар арқылы аударуға болады. Мобильді қосымшаларға әр облыс пен республикалық маңызы бар қалалардағы орталық мешіттердің есепшоттары енгізілді. Әр азамат өз өңіріндегі мешіттің есепшотын пітір-садақасы мен зекетін үйден шықпай, онлайн-режімде аудара алады.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан.