$ 488.91  532.62  5
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.09.2024, 10:19
Қоғам

Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңесте АЭС-тің маңыздылығы талқыланды

Отырыста республика аймақтарын газдандыру мәселесі сөз болды

Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңесте АЭС-тің маңыздылығы талқыланды
Фото: партияның баспасөз қызметі

«AMANAT» партиясы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынға қатысушылар елімізде 6 қазанда өтетін АЭС салуға қатысты жалпыұлттық референдумның маңыздылығы мен атом электр станциясының артықшылығы туралы талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Іс-шараға Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Берік Бейсенғалиев, Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов, «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасының Бірінші орынбасары Мейірбек Ихсанов, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.

Биыл 6 қазанда Қазақстанда атом электр станциясын салуға қатысты жалпыұлттық референдум өтеді. Бүгінде Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов жетекшілік ететін АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб ел аймақтарын аралап, жұртшылыққа жобаның маңыздылығын түсіндіруде. Бұл бастама ел экономикасының энергетикалық қажеттіліктерін қамтамасыз ету және энергетикалық тәуелсіздікті нығайту мақсатында қолға алынуда.

«AMANAT» партиясы Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысында да АЭС құрылысына қолдау көрсету мәселесі кеңінен талқыланды. Кеңес төрағасы Берік Бейсенғалиев атом электр станциясының Қазақстан үшін маңыздылығын сөз етті.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, генерацияның бұл түрі біздің экономикамыздың қарқынды дамып келе жатқан қажеттіліктерін едәуір қанағаттандыра алады. Қазақстанда атом электр стансасын салу — бұл объективті қажеттілік. Экономикамыз өсіп келеді. Жаңа өнеркәсіптік өндірістер салынуда, халық саны артуда. Бұл электр энергиясын тұтыну жылына кемінде 3%-ға өсетінін білдіреді. Ал жұмыс істеп тұрған жылу-электр стансалары мен ГРЭС-тер 70% тозған, жаңа объектілер салу қажет. Бүгіннің өзінде біз электр қуатын импорттауға мәжбүрміз. Мәселен, 2023 жылы Ресейден шамамен 2 миллиард киловатт-сағат импортталды. Әрі келешекте сыртқы нарықтарда электр энергиясын сатып алу бұдан да қымбатқа түсуі мүмкін. Айталық, Шымкент жылына 1,6 миллиард киловатт-сағат тұтынады. Осылайша, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі туралы мәселе туындайды», — деді Берік Бейсенғалиев.

Ал энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов АЭС құрылысының елдің энергетикалық тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңыздылығына тоқталды.

«Экономикамыз қарқынды дамып келеді, жаңа өндіріс орындарының ашылуы үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етуді қажет етеді. Бұл ретте біз электр қуатын алатын барлық генерация  көздерін қарастыруымыз керек. Оның ішінде Қазақстанның 2060 жылға дейін төмен көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу бойынша міндеттемелері де бар. Осылайша бұл қадам Қазақстанның экологиялық ахуалын жақсартып, көмірқышқыл газының шығарындыларын қысқарту арқылы климаттың өзгеруіне қарсы күресте маңызды үлес қосады», - деп атап өтті вице-министр.

Жиынға онлайн қатысқан жергілікті атқарушы органдардың өкілдері де атом электр станциясының өңірлер үшін маңыздылығын айтты. Бүгінде аймақтардағы өнеркәсіп орындарының электр қуатына деген сұранысы жыл сайын артып келеді. Осы ретте жаңа генерация көзі оларды тұрақты әрі сенімді электр қуатымен қамтамасыз етудің кепілі болмақ.

Сонымен қатар отырыста аймақтарды көгілдір отынмен жабдықтау желілерінің құрылысы мәселесі талқыланды. Кеңес төрағасы Берік Бейсенғалиев газ құбырларының өткізу қабілетінің тапшылығын жою үшін жаңа жобаларды сапалы жоспарлау қажеттігін айтты.

«Қазіргі уақытта газ құбырларының алғашқы кезеңдері жүзеге асырылып жатқан кейбір өңірлерде ірі кәсіпорындардың көбі газға қосылуға сұраныс білдіруде. Бұл газ құбырларының өткізу мүмкіндігі жетіспеуіне әкеліп отыр. Бұл жағдай, мысалы, Теміртау қаласы мен Қарағанды облысында айқын байқалады. Сондықтан жаңа компрессорлық станциялар салу мәселесін қарастыру керек», – деді ол.

Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауовтың мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстан халқының 60%-ы газға қол жеткізіп отыр, ал бұл шамамен 12 миллион адамды құрайды.

Бұдан бөлек бүгінде елорданы газбен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылуда. Қазіргі уақытта қаладағы газбен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы 750 шақырымды құрайды, 12,5 мың абонент газға қосылған.

Жиын соңында Берік Бейсенғалиев елді газбен қамтамасыз етуде әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды қолдау да маңызды екенін айтты. Жергілікті атқарушы органдарға халықты газбен жабдықтау желілеріне қосу шығындарын субсидиялау шараларын қайта қарау тапсырылды.

Серіктес жаңалықтары